Баланы бір балабақшадан екіншісіне ауыстыру тәртібі өзгеруі мүмкін

Балабақшаларды ваучер арқылы қаржыландыру жобасы аясында іс жүзінде балабақшаға бармайтын балалар тәрбиеленуші ретінде тіркелген. Сондай-ақ әртүрлі өңірлерде бір баланың бірнеше рет есепке алынған жағдайлар анықталған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Министрліктің мәліметінше, анықталған сәйкессіздіктерді жою үшін «Қаржы орталығы» АҚ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әр мектепке дейінгі ұйымдағы тәрбиеленушілер туралы ақпаратты қайта тексеріп, түзетіп жатыр
«Пилоттық жоба аясында «жалған тәрбиеленушілердің болуы», сондай-ақ әртүрлі өңірлерде бір контингенттің бірнеше рет қайталануы фактілері анықталды», – делінген жауапта.
Ваучерлік жоба 43 өңірде іске асырылып жатыр
Балабақшаларды ваучер арқылы қаржыландыру жобасы «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты негізінде жүзеге асырылуда. Ваучер тікелей балаға беріледі. Бұл ата-аналарға меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымды өздері таңдауға мүмкіндік береді. Алайда баланы таңдалған балабақшаға орналастыру үшін онда бос орын болуы керек. Егер қалаған балабақшада орын болмаса, ата-ана баланы күту парағына тіркей алады. Кезекте тұрған уақытта бала басқа мектепке дейінгі ұйымда тәрбиеленіп, білім ала алады. Пилоттық жоба республика бойынша 20 қала мен 23 аудандағы 6,3 мың мектепке дейінгі ұйымға енгізілген. Осы уақытқа дейін 1,3 млн-нан астам ваучер берілген.
Баланы басқа балабақшаға ауыстыруға арналған қызмет енгізілуі мүмкін
Министрлік пилоттық жобаның нәтижесі бойынша тәрбиеленушілерді бір балабақшадан екіншісіне ауыстыруға арналған жаңа мемлекеттік қызмет енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
«Бұл ретте баланы бір балабақшадан екіншісіне ауыстыру рәсімінің ашықтығы мен реттілігі, сондай-ақ баланың жеке қажеттіліктері мен ата-анасының қалауы ескерілетін болады», – делінген министрліктің жауабында.
Ведомство пилоттық жобаның қорытындысы бойынша ваучерлік қаржыландыру тетігіне қатысты тиісті шешім қабылдайды.
Елде 12 мыңнан астам балабақша бар
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, республикада 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 2–6 жас аралығындағы 1,1 млн бала тәрбиеленіп жатыр.
Оның ішінде 5 357 мемлекеттік балабақшада 437 мың бала, ал 6 853 жекеменшік ұйымда 521 мың бала бар. Бұдан бөлек, 167 мың бала мектепалды даярлық сыныптарында білім алады.
Еске салсақ, осыған дейін бұл мәселені құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова көтерген болатын. Ол елдегі балабақшаға кезекке тұру тәртібі мен ваучерлік қаржыландыру жүйесін қайта қарауды ұсынды еді.