Қысқы реагент көлік шанағын бүлдіруі мүмкін: қалай қорғауға болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қыста жолға себілетін мұзға қарсы реагенттер көлік шанағының тот басуын жылдамдатуы мүмкін. Әсіресе бояуы сыдырылған, сызат түскен және қорғаныш қабаты зақымданған жерлерге тұзды қоспалар тез әсер етеді. ROSSKO компаниясының техникалық маманы Константин Ершов көлікті қысқа дейін қалай дайындап, шанақты коррозиядан қорғауға болатынын түсіндірді.

Қыста жолдарға натрий, кальций және магний хлоридтері негізіндегі қоспалар себіледі. Олар көктайғақтың алдын алғанымен, көліктің металл бөлшектеріне кері әсер етуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, тұз металды өздігінен бүлдірмейді, бірақ кузов бетінде тот басу процесін жылдамдататын тұзды ылғал қабатын қалыптастырады. Сонымен қатар болаттың қорғаныш оксид қабатын бұзады.

Сондықтан коррозия көбіне бояуы сыдырылып, металл ашылып қалған жерлерден басталады. Күндіз еріген қардың тұз аралас суы шанақтың жіктері мен жабық қуыстарына енеді. Ал түнде қатып, кеңейген кезде қорғаныш қабаттарын зақымдайды. Бұл процесс қыс бойы қайталанып, бастапқыда кішкентай болған ақауларды үлкейтуі мүмкін.

Шанақты қысқа дейін қалай дайындау керек

Константин Ершов көлікті қысқа дайындау үшін үш негізгі қадамды орындауға кеңес береді.

Біріншіден, шанақты мұқият жуу қажет. Бұл кезде кәдімгі кірмен қатар тежегіш қалыптарынан бөлінетін металл шаңын да тазарту маңызды. Ол уақыт өте бояу қабатына сіңіп, қыс мезгілінде тот басып, шанақта ұсақ дақтар қалдыруы мүмкін. Мұндай бөлшектерді кетіру үшін автодетейлингте арнайы құралдар қолданылады.

Екіншіден, бояу қабатындағы сызаттар мен сыдырылған жерлерді жөндеу керек. Әсіресе металл ашылып қалған ақауларға назар аударған жөн. Ұсақ сызаттарды жылтырату арқылы кетіруге болады, ал бояуы кеткен жерлерді кем дегенде грунт деңгейіне дейін өңдеу қажет. Капот, алдыңғы қанаттар мен дөңгелек аркаларына ерекше мән берген дұрыс.

Үшіншіден, шанаққа қорғаныш жабын жағуға болады. Оның бірнеше түрі бар:

  • Керамикалық жабын – ең төзімді нұсқалардың бірі. Әдетте 1–3 жылға, ал кәсіби жүйелерде 5 жылға дейін қызмет етеді. Бірақ бағасы да жоғары.
  • Балауыз және синтетикалық силанттар – арзанырақ әрі тез жағылатын жабындар. Балауыз шамамен 4–8 апта, ал силант 6 айға дейін сақталады.
  • Полиуретанды қорғаныш үлдір (PPF) – капот, қанаттар мен дөңгелек аркалары сияқты осал тұстарды механикалық зақымнан қорғайды. Сапалы үлдірлер 5–7 жылға дейін қызмет етуі мүмкін. Бұл – ең қымбат тәсілдердің бірі.

Көліктің асты мен жасырын қуыстарын ұмытпаңыз

Коррозия көбіне жүргізуші бірден байқай бермейтін жерлерде пайда болады. Оларға көліктің асты, дөңгелек аркалары, табалдырықтары және жабық металл қуыстары жатады.

Дөңгелек аркаларының астына жиналған құм, тұз бен кір қозғалыс кезінде металл бетін қажап, қорғаныш қабатын зақымдайды. Сондықтан қыс алдында аркаларды тазалап, қорғаныш құраммен өңдеп, лайдан қорғайтын қаптамаларды қайта орнатқан жөн.

Ал жасырын қуыстарды қорғау үшін балауыз немесе май негізіндегі антикоррозиялық құрамдарды қолдануға болады. Мұндай құралдар жіктерге еніп, ылғалды ығыстырады әрі серпімділігін сақтайды. Мамандар олардың жасырын қуыстарға қалың битум мастикасына қарағанда қолайлы екенін айтады.

Мастиканы дымқыл немесе тот басқан металл бетіне жағу қауіпті: оның астында коррозия процесі жалғаса беруі мүмкін, ал сыртынан оны байқау қиын.

Маманның айтуынша, көлікті қысқа дайындау бір рет қорғаныш жабын жағумен шектелмейді. Шанақтағы ақауларды дер кезінде жөндеп, көліктің асты мен жасырын қуыстарын қорғау қажет. Бұл көктемде қымбат кузов жөндеуіне ақша жұмсамауға көмектеседі.

Тағы да оқыңыз: Қыста көлікті дұрыс жылытып, бензинді қалай үнемдеуге болады

Сондай-ақ оқыңыз