Садыр Жапаров та бар: Қырғызстан президенттігіне 11 адам үміткер

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: AkiPress

Бүгін, 13 қарашада Қырғызстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Елдегі президент сайлауына қатысуға 11 адам ниет білдірген. Бұл туралы Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы хабарлады, деп жазады Kursiv.Media.

Қырғызстан президенттігіне кімдер үміткер

Ұсыну қорытындысы бойынша президенттікке үміткерлер тізіміне мына азаматтар енді:

  • Аймен Касенов – кәсіпкер және қоғам қайраткері;
  • Азамат Есенбеков – Қырғызстанның бұрынғы қаржы министрінің көмекшісі;
  • Сыймык Жапыкеев – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу органдарын қадағалау бөлімінің бұрынғы прокуроры;
  • Акай Кадыров – кәсіпкер;
  • Исхак Масалиев – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты;
  • Садыр Жапаров – Қырғызстанның қазіргі президенті;
  • Бактыбек Калмаматов – Жогорку Кеңештің бұрынғы депутаты;
  • Бактыбек Адылов – Қырғызстан үкіметі жанындағы Мемлекеттік көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы;
  • Амур Айба Медер – кәсіпкер;
  • Мамбетжунус Абылов – Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы төрағасы, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөніндегі бұрынғы министр;
  • Клара Сооронкулова – Жоғарғы соттың Конституциялық палатасының бұрынғы судьясы.

Айта кетейік, Қырғызстанда 2010 жылғы сәуірден 2011 жылғы желтоқсанға дейін президент қызметін әйел адам атқарған. Ол – Роза Отунбаева. Бұған дейін ол «Ата-Жұрт» оппозициялық қозғалысының тең төрағасы және Уақытша үкіметтің басшысы болған.

Президенттік қызметтен кейін, 2022 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы қыркүйекке дейін Роза Отунбаева БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі әрі Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы қызметін атқарды.

Ал қазіргі президент Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс президент сайлауында 79,2% дауыс жинап, жеңіске жеткен. Ол сол жылдың 28 қаңтарында мемлекет басшысы қызметіне кірісті.

Сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр

Қазір елде кандидаттарды қолдау мақсатында сайлаушылардың электронды қолдарын жинау кезеңі жалғасып жатыр. Бұл жұмыс 2026 жылғы 8 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Заңға сәйкес, президенттікке үміткерді тіркеу үшін кемінде 30 мың сайлаушының қолын жинау қажет.

Кандидаттарды тіркеуге қажетті құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал президенттікке үміткерлерді тіркеу 23 желтоқсанда аяқталады.

Қырғызстандағы президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз