«Самұрық Қазына» мен «ҚТЖ» ісі: Тоқаев мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.
«Бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай. Жалпы заң бойынша тергеу мәселелерін жариялауға немесе ашып көрсетуге болмайды. Оның үстіне тергеу жұмысы да енді басталды.
Алайда қазірдің өзінде мына нәрсені анық айтуға болады: бұл – біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», – деді Тоқаев.
«Қатаң жазаланады»
Ақорданың хабарлауынша, президент Конституцияның негізгі ережелерін сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтқан.
«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқарады, ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, аса ірі шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Түптеп келгенде, кез келген келісімнің, серіктестіктің артында ұзақ жылдар бойы жасалатын көптеген келіссөздер, соның ішінде халықаралық қауымдастықтың елімізге деген үлкен сенімі мен мемлекетімізге жүктелген нақты міндеттер тұрады», – деген президент.
Жемқорлыққа қатысты істер
Президенттің сөзінше, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар халыққа ашық көрсетіледі.
«Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард доллардан асады», – деген Тоқаев.
2026 жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.
Тоқаев елдегі сыбайлас жемқорлық ахуалын күрделі деп бағалап отыр.
«Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді», – деді мемлекет басшысы.
Жақыпов пен Отыншиев ұсталды
12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Кейінірек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты түсініктеме берді. Қор өкілдері құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.