Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында ҚТЖ қызметін сынады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында ҚТЖ қызметін сынады / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне арналған шұғыл отырысы өтті. Жиында халықаралық көлік дәліздерінің болашағы мен еліміздің транзит әлеуетін нығайту шаралары талқыланды, деп хабарлайды Kursiv.Media. 

Отырыста премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Қаржы министрі Мәди Такиев және Үкіметтің өзге де мүшелері саладағы ахуал мен атқарылып жатқан жобалар туралы есеп берді.

Президент әлемде көлік-логистика байланыстарының жаңа жүйесі қарқынды қалыптасып жатқанын алға тартып, Қазақстан бұл бағытта бастамашыл ұстанымда болуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі тасымал жылдамдығы мен сенімділігіне, мерзімдердің айқындығына және тиімді тарифтерге тікелей байланысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысы көлік саласындағы қазіргі ахуалды, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметін қатаң сынға алды. Сондай-ақ, Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Президент ҚТЖ жұмысын цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігі мен кірісін арттырып, транзиттік жүк өткізу мүмкіндігін көбейту, логистика орталықтарын кеңейту және жүктердің іркіліссіз өтуіне кедергі келтіретін факторларды жоюды тапсырды.

Бұған қоса, отандық әуе тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау және теңіз көлігін дамытып, шекаралық, кедендік рәсімдерді жетілдіріп, саладағы барлық үдерісті кешенді цифрландыруды тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға халықаралық көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.

Еске сала кетейік, 12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

Сондай-ақ оқыңыз