АҚШ-тағы байланыс ақауынан мыңдаған рейс кейінге шегерілді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: nlarenas.com

13 қарашада АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) елдегі барлық әуежайдан ұшақтардың ұшуына уақытша тыйым салды. Бұған әуе қозғалысын басқаратын бірнеше орталықтағы байланыс жүйесінің істен шығуы себеп болған деп жазады Reuters.

Салдарынан мыңдаған әуе рейсі кейінге шегеріліп, кейбірі мүлде тоқтатылды. Ал АҚШ-қа бағыт алған халықаралық рейстер жеке қабылданды.

Ұшақтардың ұшуына қойылған шектеу төрт сағаттан астам уақытқа созылды. АҚШ көлік министрі Шон Даффи сөзінше, ақау байланыс желісіндегі коммутаторлар мен маршрутизаторлардың шамадан тыс жүктелуінен болуы мүмкін.

«Біздің коммутаторлар мен маршрутизаторлар шамадан тыс жүктеліп, бір-біріне сәйкес келмейтін деректер бере бастаған. Сондықтан жүйені өшіруге мәжбүр болдық», – деді ол.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин әзірге бұл оқиға кибершабуылға қатысты емес деп түсіндірді, дегенмен әлі де тексеру жүргізіліп жатыр.

АҚШ-та мұндай ауқымдағы шектеу соңғы рет 2023 жылғы қаңтарда енгізілген. Ол кезде FAA компьютерлік жүйесінде ақау шыққан. Ал бұған дейін елдегі барлық әуе рейсін тоқтату туралы шешім 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін қабылданған.

Оқи отырыңыз: Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейс орындайтын ұшақтар сынақтан өтіп жатыр

Сондай-ақ оқыңыз