Қазақстан уран кен орындарының бір бөлігін уақытша игермейді

Қазақстанда өз қажетіне пайдаланатын уранның стратегиялық қорын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар кейбір кен орындары уақытша игерілмей, болашақ ұрпақ үшін сақталады. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Сәтқалиевтің айтуынша, уран қорын алдын ала жинақтау қажеттілігі Қазақстанда атом энергетикасын дамыту жоспарымен және әлемде уранға сұраныстың артуымен байланысты. Атом электр станциялары 60 жылдан астам уақыт жұмыс істей алатындықтан, мемлекет оларды отынмен ұзақ мерзімге қамтамасыз етуді көздеп отыр.
«Қазақстанның өз қажетіне ғана пайдаланылатын уранның мемлекеттік стратегиялық резервінің көпдеңгейлі жүйесі құрылады. Кейбір кен орындары уақытша тоқтатылып, болашақ ұрпақ үшін сақталады. Жақын арада олар игерілмейді және өндіріс жұмыстары жүргізілмейді», – деді Сәтқалиев.
Бұдан бөлек, өндіріліп қойған уран өнімдерінің бір бөлігі арнайы қоймаларда сақталады. Әр атом электр станциясында да оның үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жылу бөлетін құрастырмалар қоры жасақталмақ.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС-ке қажетті уранның 100 жылға жететін қорын құруды тапсырған.