Бас прокуратура дербес деректердің таралуына қатысты тексеру жүргізіп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Бас прокуратура ел азаматтарының дербес деректерін қорғауға жауапты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар «Яндекс» сервистеріндегі ақауларға және Қызылорда облысы мен Семей қаласындағы білім беру ұйымдары қызметкерлері мен оқушыларының дербес деректерінің ашық жариялануына қатысты тексеру жүргізу тапсырылды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Бас прокурордың айтуынша, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану мәселелері азаматтардың құқықтары мен ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды. Конституцияның 21-бабы азаматтардың дербес деректерін заңсыз пайдаланудан қорғау құқығына кепілдік береді. Ал осы құқықтың сақталуын қамтамасыз ету прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі саналады.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы тексеріліп жатыр

Қазіргі уақытта Бас прокуратура Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қызметін кешенді тексеруде. Бұл орган дербес деректер және оларды қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

Тексеру барысында депутаттық сауалда көтерілген мәселелер, соның ішінде дербес деректерді жинау, сақтау және берудің заңдылығы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау шараларының жеткіліктілігі зерделенеді.

«Депутаттық сауалда қозғалған сұрақтар, оның ішінде дербес деректерді жинаудың, сақтаудың және берудің заңдылығы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралардың толықтығы тексеру барысында мұқият зерделеніп, оларға құқықтық баға беріледі», – деп жазды Берік Асылов.

«Яндекс» пен білім беру ұйымдарына қатысты тексеру

Бас прокуратура «Яндекс» компаниясы сервистерінің жұмысындағы ақауларға да назар аударған. Бұдан бөлек, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, сондай-ақ Семей қаласындағы мектептердің қызметкерлері мен оқушыларының дербес деректерінің ашық жариялануына қатысты деректер тексеріледі.

Осы жағдайлар бойынша Бас прокуратура Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне тексеру жүргізу туралы талап жолдаған. Берік Асылов олардың жүргізілу барысы бақылауда екенін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: Мәдиев Яндекстің Қазақстандағы компаниялары тексерілетінін мәлімдеді

Сондай-ақ оқыңыз