11-сынып оқушысы екі сыныптасына пышақпен шабуыл жасады

Елорда мектептерінің бірінде 11-сынып оқушысы сабаққа пышақ алып келіп, екі сыныптасына шабуыл жасады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккен екі оқушыға да дер кезінде медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал шабуыл жасаған кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылды. Оның ата-анасы бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, тергеу аясында оқу орнының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек. Білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға оқиғаның алғышарттарын жою туралы ұсыныстар жолданды.
«Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында тоғызыншы сынып оқушысы құрдасымен керісіп қалғаннан кейін жансақтау бөліміне түскен еді.