-36 градусқа дейін аяз: қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
-36 градусқа дейін аяз: қыстың алғашқы айында ауа райы қандай болады
Желтоқсан айында ауа райы қандай болады / фото: Делия Айдаралиева

Синоптиктер 2026 жылдың желтоқсан айында болатын ауа райына болжам жасады. Оған сәйкес, еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары, яғни жылырақ болады. Алайда жекелеген өңірлерде қатты аяз, қалың қар мен боран болжанып отыр.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, климаттық норма шамасындағы температура Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Жетісу облысының шығыс бөлігінде және Алматы облысының шығысында күтіледі.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы -5…-13 градус аралығында, Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысында -17 градусқа дейін төмендейді. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-батыс аудандарында -4…+3 градус шамасында болады.

Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері республиканың барлық аумағында климаттық норма шамасында болады деп болжануда.

Қай өңірлерде қатты аяз болады?

Орташа айлық температура нормадан жоғары болады деп болжанғанымен, желтоқсан бойы күн райы күрт суытатын кезеңдер де болады.

Солтүстік Қазақстан облысында бірінші онкүндіктің өзінде түнде ауа температурасы -22…-27 градусқа, облыстың оңтүстік-шығысында -31 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Ақмола облысында бірінші онкүндікте түнде -21…-26 градусқа, оңтүстік-шығыста -31 градусқа дейін аяз болады деп болжануда. Күндіз температура -15…-20 градусқа, облыстың оңтүстігінде -23 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.

Павлодар облысында бірінші онкүндіктің соңында түнде температура -23…-28 градусқа, солтүстік-шығыста -33 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде.

Қостанай облысында үшінші онкүндікте күн күрт суытады: түнде -19…-24 градус, оңтүстік-шығыста -29 градусқа дейін аяз болады.

Қарағанды облысында бірінші онкүндіктің соңында түнгі температура -21…-26 градусқа, солтүстік-шығыста -31…-36 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Абай облысында да бірінші онкүндіктің соңында қатты аяз болжанып отыр: түнде -21…-26 градус, солтүстік-батыста -31…-36 градусқа дейін суытады.

Шығыс Қазақстан облысында екінші онкүндікте күн суытқан кезде түнгі температура -23…-28 градусқа, солтүстік-шығыста -31…-36 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Қар, боран және қатты жел

Желтоқсанда Қазақстанның әртүрлі өңірінде қар жауып, боран соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады. Солтүстік және орталық облыстарда қар жауып, бұрқасын болатын кезеңдер жиі байқалады.

Ақмола облысында қар мен боран бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, екінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндікте жиі күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында қар мен боран бірінші онкүндіктің ортасы мен соңында, екінші онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің ортасы мен соңында болжануда.

Павлодар облысында қар мен боран бірінші онкүндіктің басы мен екінші жартысында, сондай-ақ үшінші онкүндіктің екінші жартысында күтіледі.

Бірқатар облыста жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Еліміздің батысында жекелеген кезеңдерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ пен тұман болуы мүмкін.

Осылайша, Қазақстан аумағының басым бөлігінде желтоқсан орташа есеппен әдеттегіден жылы болады деп күтілгенімен, қатты аяз бен қолайсыз ауа райы құбылыстары да орын алады.

Сондай-ақ оқыңыз