Алматыдан Гоаға ұшқан ұшақ Делиге шұғыл қонуға мәжбүр болды

Алматыдан Үндістанның Гоа штатына бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Дели қаласына мәжбүрлі түрде қонды, деп хабарлады әуе компаниясы.
FlightRadar24 сервисінің мәліметінше, әуе кемесі Делидегі Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға жергілікті уақытпен сағат 11:49-да қонған. Жолаушылардың айтуынша, қонғаннан кейін олар әуе компаниясының шешімін күтіп, ұшақ ішінде шамамен бір жарым сағат отырған.
FlyArystan баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беріп, ұшақтың техникалық себепке байланысты шұғыл қонғанын растады.
«Делиден Гоаға ұшудың болжамды уақыты – 17 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 03:05. Әуе кемесінің кешігуіне байланысты кері бағыттағы рейс те кейінге шегерілді (Гоадан ұшу уақыты – 17 қараша сағат 06:45).Екі рейстің де жолаушылары ұшақты күту уақытында қонақүйлерге орналастырылды», – делінген әуе компанияның хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін FlyArystan әуе компаниясының Алматы-Павлодар бағытындағы ұшағы межелі қалаға 300 шақырымдай қалғанда кері бұрылып, Алматыға оралған еді.