Балалардың онлайн ойындарына жаңа талаптар қойылады: AI-Quryltai жаңа заң әзірледі

Құрылтайдағы үкімет сағатында құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасында кәмелетке толмағандарды цифрлық ортада қорғауға бағытталған бірқатар норма қарастырылғанын мәлімдеді. Құжат балалардың цифрлық және ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздігін кешенді түрде реттеуді көздейді, деп жазады Kursiv.Media.
Атап айтқанда, цифрлық және ақпараттық өнімдерге, соның ішінде онлайн ойындарға арнайы таңбалау және мазмұнын сипаттау талаптарын енгізу ұсынылып отыр.
Онда цифрлық қауіптер туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Мәселен, ойын ішіндегі ақылы сатып алулар, пайдаланушылардың бір-бірімен сөйлесу және хат алмасу мүмкіндіктері туралы мәліметтер қамтылады.
Сонымен қатар мұндай өнімдерді уәкілетті мемлекеттік органның міндетті тексеруінен өткізу, яғни верификациялау және белгіленген талаптардың сақталуын бақылау ұсынылады. Егер заңбұзушылық анықталса, өнімге, қосымшаға немесе ойынға қолжетімділікті шектеу, оларды жою немесе бұғаттау тетіктері қолданылады. Талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік те қарастырылған.
Осындай талаптар маркетплейстер арқылы тауар сатып алу кезінде кәмелетке толмағандар мен электронды сауда алаңдарының өзара әрекетіне қатысты да енгізілмек.
Бұдан бөлек, барлық цифрлық платформада ата-ана бақылауы тетіктерін енгізу көзделіп отыр. Яғни балаларға арналған сүзгілеу жүйесі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде таңбаланбаған және верификациядан өтпеген цифрлық өнімдер, қосымшалар мен ойындар балаларға көрсетілмейді. Олар мұндай контентке қол жеткізе алмайды және оны жүктей алмайды.
Заң жобасында балаларға фотосуреті бар ID-карта беру бастамасы да бар. Ол баланың жеке басын нақты сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Бұл құрал 18 жасқа толғанға дейін кәмелетке толмағандарға арналған бірыңғай цифрлық сүйемелдеу жүйесінің негізіне айналмақ. Оның аясында мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын іске асыру көзделген.
Динара Зәкиеваның айтуынша, бұл жасанды интеллектінің құқықтық пайымдау мүмкіндігі бар кіріктірілген моделі қолданылған AI-Quryltai интеллектуалды ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы.
«Заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai көмегімен ұсынылған барлық бастама депутаттар тарапынан тексеріліп, қосымша пысықтаудан өтті. Платформаның көмегімен балалардың цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіпсіздігінің қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалып, оның нәтижелері заң жобасын әзірлеген депутаттарға ұсынылған. Талдау барысында үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналар, сарапшылар мен қоғам өкілдері көтерген мәселелер негізге алынған. Сонымен қатар қолданыстағы қауіп-қатерлер бағаланып, халықаралық тәжірибе зерделенген», – деді Зәкиева.