Президент ҰҚК басшысы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қабылдап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы, соның ішінде терроризмге, сыбайлас жемқорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі есебін тыңдаған болатын.
Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып 2022 жылдың қаңтарында тағайындалды. 2026 жылдың тамызында осы лауазымға қайта тағайындалған еді.
ҰҚК сайтындағы мәліметке сәйкес, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Сағымбаев Ермек Алдабергенұлы 1967 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын (1992 жыл), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2007 жыл), ҚР Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдаған, ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі (2021 жыл).
1994–2006 жылдары — ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел және басшылық лауазымдарда қызмет атқарды;
2006–2019 жылдары — ҚР Президенті Күзет қызметінде жедел және басшылық лауазымдарда қызмет етті;
2019–2021 жылдары — Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары — ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы;
2021–2022 жылдары — Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін атқарушы, басшысы болды.