
Танымал түрік актері Халит Эргенч қазақстандық журналист Майя Бекбаеваға сұхбат берді. Әңгіме барысында Қазақстан туралы, өзі түскен сериалдар жайында айтқан.
Еске сала кетейік, Халит Эргенч «Сұлтан Сүлеймен» телехикаясында басты рөлді сомдаған.
Актер бұрын-соңды Қазақстанға келмегенін, енді қарашада Алматы мен Астанаға баруды жоспарлап отырғанын айтты.
«Қазақ халқын жақын тартып, жақсы көремін. Біздің түбіміз бір. Көптен бері Қазақстанға барып, халқымен танысқым келген. Енді Алматы мен Астанаға жол түскелі тұр», – деген актер.
Халит Эргенч сұхбат барысында өзі сомдаған тарихи тұлғалар туралы да айтты.
«Тарихи тұлғаларды сомдаған кезде сол кісілердің тәжірибесін өз басымнан өткізгендей боламын. Әсіресе, Ататүрік пен Сүлеймен сұлтанның рөлін ерекше айта аламын. Тарихымызға көз жүгіртсек, Осман империясын, оның алдында Орталық Азияны көреміз.
Ал Ататүріктің заманауи республика негізін қалаудағы рөлі ерекше. Ол кісі құрған жүйе еркін ойлап, құқығымызды теңестіруге мүмкіндік берді. Осы екі кісінің рөлін сомдау көкжиегімді кеңейтті», – деген актер.
Актердің шығармашылық жолы
Халит Эргенч бір кездері сахнада билеп, ән салғанын, техникалық университетте оқығанын айтады. Осы жолың бәрінен өтіп, актер болу туралы шешімге келген.
«Осы жолдың бәрінен өтіп, өзімді іздедім. Актер болу арқылы дами алатынымды, өзімнің шын мәнінде қандай екенімді көрсете алатынымды байқадым. Өз қатесін көріп, оны түзеу арқылы дамыған адаммын. Бұл жұмыс қазірге дейін бір тоқтаған емес. Қазір де әр жаңа жоба сайын дайындаламын, сараптаймын», – дейді Халит Эргенч.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Республика сарайында Халит Эргенчпен кездесу 14 қыркүйекте өтеді деп жоспарланды. Одан кейін кездесу 23 қарашада Астанада, 25 қарашада Алматыда өтетін болды.