Шекарада 488 миллион теңгенің алтыны тәркіленді

Алматы қаласының тұрғыны «Қорғас» кеден бекеті арқылы құны 488 млн теңге болатын аса ірі мөлшердегі бағалы металды заңсыз өткізбек болған, деп хабарлады Бас прокуратура.
Кеден және шекаралық бақылаудан жасыру мақсатында ер адам алтын құймаларын жабысқақ таспа көмегімен денесіне жабыстырып алып жүргені анықталды.
Кедендік тексеру барысында контрабандалық тауар әшкереленіп, уәкілетті орган қызметкерлері оны тәркіледі.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының экономикалық контрабандаға оқталудағы кінәсін толық дәлелдеген.
Панфилов аудандық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, 488 миллион теңгелік 5 келі 764 грамм алтын мемлекет кірісіне қайтарылды.
Бұған дейін «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығында 620 дана киік мүйізін Қытайға заңсыз өткізбек болғандар ұсталған еді. Тәркіленген дериваттардың қара нарықтағы құны шамамен 180 млн теңгені құрайды.