Жемқорлық ісі, күштік құрылымдардың қателігі: Сағымбаев қызметінен неге кетті

Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылу себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босату туралы шешім қабылдаған.
Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау міндетін табысты орындау үшін басшылық құрамда кадрлық өзгерістер жүргізу қажет деп есептейді. Сонымен қатар бұл шешімді қабылдауға жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен лауазымды тұлғалардың ұсталуына байланысты жағдай да әсер еткен.
Смадияровтың түсіндіруінше, президент күштік құрылым қызметкерлері тарапынан қателіктер жіберілген деп санайды. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланған. Сондай-ақ президенттің баспасөз хатшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты істерге тоқталды.
Оның мәлімдеуінше, аталған істерде сыбайлас жемқорлық белгілері бар екеніне күмән жоқ. Мұны тергеу шаралары кезінде іске қатысы бар тұлғалардың әрекеттері растаған.
Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болған. Смадияров мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ұстанымы өзгермейтінін атап өтті. Бұдан бөлек, 16 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді.
Президент қызметтік тәртіпті нығайтып, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыруды тапсырды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қатардағы полиция қызметкерлері мен офицерлер арасында тәрбие жұмысын күшейту міндеті жүктелді.
Еске сала кетейік, 12 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.