Астанада 11-сынып оқушысы екі сыныптасына пышақпен шабуылдады

Астанадағы орта мектептің бірінде 11-сынып оқушысы екі сыныптасына пышақпен шабуыл жасаған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады астаналық полиция департаменті.
Шабуылдан зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілді. Қазір олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция мәліметінше, шабуыл жасаған оқушы профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылған. Сондай-ақ оның ата-анасы баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылған.
Бұдан бөлек, оқиғаның себебі мен оған жол берген жағдайды анықтау үшін қалалық Білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданды. Құқық қорғау органдары мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға бермек.
Бұған дейін Жамбыл облысында тоғызыншы сынып оқушысы құрдасымен керісіп қалғаннан кейін жансақтау бөліміне түскенін жазған едік. Оның жағдайы жайлы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да пікір білдірген.