Аяғын бір сағат көтеріп тұрған: ҚазҰУ студентінің әпкесі болған жайтты айтып берді

ҚазҰУ-да қайтыс болған студент оқуға Шымкент қаласынан келген. Ол география және табиғатты пайдалану факультетінде 1-курста оқыған. Марқұм жігіттің Ұлдана есімді әпкесі журналист Руслан Өтепбайға өзіне белгілі жайттарды айтып берді.
Әйелдің айтуынша, інісі жатақханада тұрған. Оқиға түнгі сағат он екі кезінде болған.
«2-курста оқитын сегіз жігіт 1-курста оқитын екі баланы бөлмелеріне шақырған. Мұны бауырымның жанында болған жігіт айтып берді. «Не үшін ұрды?» деп сұрасақ, «Бізге ұнамай жүрсіңдер” деген. Жүрек тұсынан, ішінен ұрған. Жүрек тұсынан ұрған кезде бірден талып қалған. Екінші бала да таяқ жеген. Оған менің бауырымның аяғын бір сағат көтеріп тұр деген.
Оқиға сағат 12-де болыпты. Олар қорыққаннан бір сағат бойы жедел жәрдем шақырмаған. Сағат бір жарымда бір-ақ шақырған”, – дейді марқұмның әпкесі.
Студенттің өлімі сағат 03:45 кезінде тіркелген. Қазір сегіз студенттің біреуі ғана қамауға алынған.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков күдікті деп танылған жігіттің Ақтөбе облысынан екенін жазды.
ЖОО-дағы екі студент қайтыс болды
Ұлттық университетте кейінгі екі аптада екінші студент қайтыс болды. 6 қараша күні кешке ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Бойжеткен Алматыға Шымкенттен оқуға келген.
Он күннен кейін жоғары оқу орнында да тағы қайғылы жағдай тіркелді. 16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды.
Алматы полициясының хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды.
Проректор мен декан қызметінен кетті
17 қарашада ҚазҰУ-дың проректоры мен деканы қызметінен кеткені белгілі болды. Ал оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
Университет басшылығы оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және істің объективті әрі ашық жүргізілуіне мүдделі екенін мәлімдеді.