Басынан дау арылмаған университет: ҚазҰУ неге үнсіз

ҚазҰУ-да студенттер өлімі, әлімжеттік, жеке деректердің таралуы, оқытушылардың жұмыстан кетуі сияқты оқиғалар бірінен соң бірі тіркеліп жатыр. Соңғы он күнде университеттің екі студенті қайтыс болды. Қоғамда оқу орнының қауіпсіздігі мен басшылығының жауапкершілігіне қатысты сұрақ көбейді. Алайда университет ректоры Жансейіт Түймебаев журналистер алдына шығып, осы мәселелерге ашық жауап берген емес. Басшылықтың үнемі үнсіз қалуы университет менеджментіне қатысты сұрақты көбейтті.
Студенттер өлімі
6 қарашада ҚазҰУ-да журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Полиция бұл іске қатысты қылмыстық іс бастағанын хабарлады, бұдан өзге артық ақпарат болмады. Университет басшылығы да ресми жауап бермеді.
16 қарашада география факультетінің студенті қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бастапқыда суицид деген нұсқа айтылған еді. Кейінірек студентке жоғары курс студенттері қысым көрсеткені, әлімжеттік жасағаны анықталды. Марқұм Дауыл Бәкіртайдың туыстарының айтуынша, 15-нен 16-шы қарашаға қараған түні бірінші курстың екі студентін сегіз студент жабылып ұрған. Марқұм жүрек тұсынан ұрған ауыр соққыдан қайтыс болған.
Екінші жағдайдан кейін ғана университет байланысқа шықты. Онда марқұмның отбасына көңіл айтып, туыстарына көмек көрсетіп жатқанын жазған. Бірақ марқұмның жақындарының сөзінше, әзірге еш көмек келмеген. Бастапқыда деканат тіпті өлім себебін жасырмақ болған көрінеді.
Осыдан кейін жоғары оқу орнының проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Университет басшылығы оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Бірақ желідегі сын өрши түсті. Білім ошағы тек бітпейтін жанжалдармен аты шыққанын, менеджменттің нашарлап жатқанын айтып, жерден алып жерге салып жатты. Тіпті экс-депутат Дәулет Мұқаев ректор Жансейіт Түймебаев қызметінен кетсін дегенді де жазды.


Жұмысынан кеткен оқытушылар, таралған жеке дерек
Бұл әп-сәтте таралған хейт деуге келмес. Екі студенттің бірінен соң бірі қайтыс болуы ұзақ жылдар бойы университетте қордаланып қалған мәселелерге енді көз жұмып қарауға болмайтынын аңғартты.
Ал мәселе шынында да көп. 2024 жылы университет қабырғасындағы екі жүзге жуық студенттің жеке дерегі тарап кеткені анықталды. Ол жерде қыздардың аты-жөні, ұялы нөмірінен бөлек гинекологияға қатысты мәліметтері де жазылған. Құжаттар чаттан-чатқа тарап жатты. Министр Саясат Нұрбек заңбұзушылық бар екенін мойындап, прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған. Бірақ іс қорытындысы сол күйі жарияланған жоқ.
2025 жылы жазда студент қыз ректорат ғимаратының 14-қабатынан құлады. Полиция сол кезде қайғылы жағдайға отбасындағы мәселелер себеп болуы мүмкін деген ақпарат таратқан.
2026 жыл да ҚазҰУ үшін «оңай» болмады. Көктемде жатақханадағы студенттердің мәліметі, тәртібі жайлы тағы да жеке деректер тарады. Сол кезде желіде университеттегі кураторлардың бірі құжаттардың чаттарда ашық таралып, студенттерге ешбір тексерусіз жіберіле салатынын айтқан еді. Басшылық тексеріс бастауға уәде берген.
Күзде 23 қыркүйектен 24-іне қараған түні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы шатырының бір бөлігі опырылып түсті. Университет біразға дейін мұның себебін ашық айтпай, қоғам сыны күшейгеннен кейін ғана жоспарлы демонтаж деп түсіндірді.

Осыдан бір ай бұрын журналистика факультетінде төрт бірдей оқытушы жұмысынан кетті. Кемі 20 жыл сабақ берген, студенттер арасында танымал, тәжірибелі ұстаздардың бір сәтте жұмысынан айырылуы қоғамда қатты талқыланды. Факультеттің өзінде соңғы бес жылда бес декан ауысқан. Сол кезде университет нарықтағы жүздеген журналистерге сабақ берген оқытушылардың жұмыстан кетуін конкурстан өтпей қалды деп түсіндірді.
Ал жазда студенттер университет берген дипломның сапасына риза болмай, «папка сияқты» деп мазақ қылып, желіге салған еді.
Үнсіз ректор: Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ға қашан келді?
Жоғарыда атаған жанжалдардың барлығында да университет басшылығы құрғақ мәлімдемемен ғана шектелетін. Баспасөз мәслихаты өткізілмеді, ректор немесе проректор, тіпті факультет декандары да журналистер алдына шығып, сұхбат бермеді.
2021 жылдың ақпанынан бастап оқу орнын Жансейіт Түймебаев басқарады. 2007-2010 жылдар аралығында білім және ғылым министрі де болған. Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының да әкімі атанған. 2000-шы жылдары Президент протоколының басшысы болып, Назарбаевтың жақын серіктесінің бірі атанды.
2024 жылы жеке деректер тарағаннан кейін Сенат депутаттар арасында ректор қызметінен кету керек деген әңгімелер айтылған. Депутат Ольга Булавкина бұл жанжалдан кейін ректордың орнынан кеткені дұрыс деген еді. Бірақ Түймебаев креслосын босатпады.
2026 жылы көктемде Тоқаев Алматыға келгенде Фараби қалашығын аралап кеткені бар. Ректор оған Farabi Hub жобасын таныстырған. Бұл ақпарат әлі күнге дейін сайттың басты бетінде тұр.
Жансейіт Түймебаев қызметке келген алғашқы жылы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болған. 2022 жылы ведомствоны оқу-ағарту және ғылым министрлігі деп екіге бөлді. Сол уақыттан бері ғылым және жоғары білім министрлігін Саясат Нұрбек басқарып келеді. Ол университетке қатысты жанжалдардың кейбіріне пікір білдірді.
2023 жылы ҚазҰУ-да журналистика факультетінде Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылды. Сол кезде Азаттық тілшісі Түймебаевқа «Тоқаев президент болмағанда мұндай аудитория» ашыла ма деген сұрақ қояды. Жауап беру орнына ректор көмекшілері тілшіні итеріп, жазбасын өшіруді талап етеді. Кейін осы іс жайлы пікір білдірген оқытушы Дастан Қастай өзіне деканаттан қысым жасалғанын айтты. Сол кезде Саясат Нұрбек іске араласып, оқытушы факультет қабырғасында қалады деген, бірақ оқиғаға қатысты басқа баға бермеді.
6 қарашадағы студент қыздың өлімі жайлы да айтып, университет көмек көрсетіп жатыр дегенді айтқан. Тергеу жүріп жатқанын ескертіп, басқа мән-жайын түсіндірмеді. Бірақ төрт жыл ішінде министр тікелей ректор Түймебаевты сынға алған емес. 2026 жылы тамызда ҚазҰУ-ға келіп, оқу орнының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен және жаңадан іске қосылған орталықтардың қызметімен танысып кеткен.
Тағы бір атап өтетін жайт, жанжал болып жатқан тұста ҚазҰУ-да баспасөз қызметкері ауысты. Бұған дейін бірнеше жыл университеттің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Ханшайым Бәйдәулет еді. Бірақ осы жағдайға байланысты Kursiv.Media редакциясы хабарласпақ болғанда жаңа баспасөз хатшысы ретінде Бақтияр Талғатұлына сілтеді. «Не үшін қызметтен кеттіңіз» деген сұрағымызға жауап бермеді. Жаңа баспасөз хатшысына осы іс төңірегінде конференция ұйымдастырыла ма, ректор көпшілік алдына шыға ма деген сұрақпен байланысқан едік. Бірақ ол да сауалды жауапсыз қалдырды.
ҚазҰУ – мыңдаған студент білім алып, жүздеген оқытушы еңбек ететін елдегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. 2025 жылы елдегі ең көп салық төлеген оқу орындарының қатарына кірді. Қазынаға 5,1 млрд теңге құйған. Бірақ қазір қоғамда университеттің менеджментіне қатысты сұрақ бар. ҚазҰУ басшылығы университеттегі жағдайды қашан ашық талқылап, жауапкершілікті өз мойнына алады?