Бата беру міндет: ҚМДБ байқауын қорытындылады

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Бата үйрету үйірмесі
Бата беру міндет: ҚМДБ байқауын қорытындылады/ фото: Мүфтият

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылдан бері елімізде бата беру байқауын ұйымдастырып келеді.

Алғашқы сайыс Астана қаласында өткен болса, екінші байқау 2025 жылы Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Екі додаға да еліміздің әр облысынан іріктелген қариялар қатысты.

Байқауда қазылар алқасы қатысушыларды бірнеше өлшем бойынша бағалады. Ақсақалдардың шариғат пен қазақ дәстүріне сай мағыналы бата беруі, дауыс ырғағы мен киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру қабілеті ескеріліп, осы арқылы жеңімпаздар анықталды.

Байқаудың басты мақсаты — қарияларды өзара жарыстыру емес, бата беру дәстүрін қайта жаңғырту арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу. Бұл туралы ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Нұрболат Дүйсебаев айтты:

«Мұндай байқаулардың мақсаты – қарияларды негізгі жарыстыру емес, бата беру дәстүрін жаңғырту арқылы жастарды кішіпейілділікке, имандылыққа, батылдық пен мәрттікке баулу. Сондай-ақ бата беру байқауларының өңірлерде өтіп тұруы сөз қадірін арттыруға, бата тек тілек айту ғана емес, тәлім мен тәрбие құралы екенін насихаттауға үлкен серпін берері сөзсіз. Себебі қазіргі кезде тойдағы айтар тілек пен асқа берілер батаны шатастырып жататын қариялар көп кездеседі. «Бата беруді білмеймін» деп ат-тонын ала қашатындар да жоқ емес. Сондықтан, қазақтың әрбір ер азаматы жастайынан бата жаттап, қандай жағдайда қандай бата берілетінін біліп жүргені абзал. Өйткені, ол да күндердің бір күнінде қартайып, әулеттің үлкені, қоғамның ақсақалына айналады. Сол кезде жастарға не айтарын білмей қол қусырса, ұрпағы кімге қарап бой түземек?» – деді Нұрболат Дүйсебаев.

Оның түсіндіруінше, «бата» ұғымы «Фатиха» сүресінен бастау алып, «бәтиға» болып қазақ тіліне енген.

Қазақта бала дүниеге келген сәттен бастап, кез келген жастағы адамға жағдайға қарай берілетін батаның алуан түрі бар.

Сондай-ақ оқыңыз