Эль-Ниньо құбылысы: қыста нөсер жауын мен су тасқыны қаупі күшеюі мүмкін

1997-1998 жылдары әлемнің көптеген аймағында жойқын жауын-шашын мен төтенше ауа райын тудырған Эль-Ниньо құбылысы биыл қайта күшеюі мүмкін. NASA ғалымдары 2026 жылғы Эль-Ниньоның ауқымы сол кездегі тарихи көрсеткіштен де асып түсуі ықтимал екенін ескертті.
NASA спутниктерінен алынған деректер қазіргі Эль-Ниньо мен 1997 жылғы құбылыстың арасында айтарлықтай ұқсастық бар екенін көрсетеді. Бұл алдағы қыста нөсер жаңбыр мен су тасқыны қаупін арттыруы мүмкін. Дегенмен ғалымдар оның нақты салдарын әзірге болжай алмай отыр.
Спутниктік деректер нені көрсетті?
2026 жылғы қазанда Тынық мұхитының экваторлық орталық және шығыс бөліктеріндегі теңіз деңгейі қалыпты көрсеткіштен жоғары болған. Бұл – Эль-Ниньоға тән белгілердің бірі.
NASA деректеріне сәйкес, мұндай көрініс 1997 жылғы қазанда да байқалған. Ол кезде спутниктік альтиметриялық бақылаулар тарихындағы ең қуатты Эль-Ниньо құбылыстарының бірі тіркелген.
Ғалымдар соңғы 35 жылдағы спутниктік бақылау деректерін пайдаланып, қазіргі құбылысты бұрын тіркелген ең күшті Эль-Ниньо кезеңдерімен салыстырып жатыр. Зерттеу нәтижесінде олардың арасында елеулі ұқсастықтармен қатар, маңызды айырмашылықтар да анықталған.
Эль-Ниньо дегеніміз не?
Эль-Ниньо – Тынық мұхитының экваторлық бөлігіндегі мұхит суының температурасы қалыпты деңгейден жоғарылаған кезде пайда болатын климаттық құбылыс. Ол әдетте екі-жеті жыл сайын қайталанып отырады.
Мұхит температурасының өзгеруі атмосфералық айналымға әсер етіп, Тынық мұхиты аймағынан алыс орналасқан елдердің де ауа райын өзгертуі мүмкін. Соның салдарынан кей өңірлерде жауын-шашын күшейіп, су тасқыны болуы ықтимал, ал басқа аймақтарда құрғақшылық байқалуы мүмкін.
NASA ғалымдары қазіргі Эль-Ниньоның дамуын бақылауды жалғастырып жатыр. Алайда оның әлемнің әр аймағына тигізетін нақты әсері әзірге белгісіз.
Тағы да оқыңыз: Батыс пен оңтүстікте жаңбыр: 17 қарашаға ауа райы болжамы