Роберт Паттинсон жаңа фильмде Джеймс Бондтың рөлін сомдайды

Британдық актер Роберт Паттинсон Джеймс Бонд туралы жаңа фильмде аты аңызға айналған агенттің рөлін сомдайды. Бұл туралы Amazon MGM киностудиясы мәлімдеді деп жазады ВВС.
Джеймс Бонд жайлы кезекті фильмнің режиссері «Дюнаны» түсірген Дени Вильнёв болады. Ал сценарийін «Өткір телпектер» (Peaky Blinders) сериалының авторы Стивен Найт жазады. Түсірілім 2027 жылы басталады, ал премьерасы 2028 өтеді деп жоспарланған.
Жаңа Джеймс Бондты қалай таңдады?
Джеймс Бондтың рөліне бес актер үміткер болған. Олардың қатарында Роберт Паттинсоннан бөлек Николас Холт, Каллум Тернер, Джош О’Коннор және Джек Лауден бар.
Инсайдерлер мәліметінше, Паттинсонның кандидатурасын режиссер Дени Вильнёвтің өзі қолдаған. Актер мен режиссер «Дюна» фильмінің үшінші бөлімінде бірге жұмыс істеген еді. ВВС жазуынша, Паттинсонды басты рөлге таңдап алуға оның танымалдылығы да себеп болған. Киностудия картина қомақты касса жинайды деп жоспарлап отыр.
Джеймс Бондтың рөлін соңғы рет Дэниел Крейг сомдады. Ол 2006 жылы жарық көрген «Казино Рояль» фильмінен бастап барлығы бес бөлімге түсті. Актер қатысқан соңғы картина 2021 жылы көрерменге жол тартты.
Роберт Паттинсон 1986 жылы Лондонда дүниеге келген. Көпшілікке «Ымырт» (Twilight) франшизасындағы Эдвард Каллин бейнесі арқылы кеңінен танылды. 2005 жылы жарық көрген Гарри Поттер фильміндегі Седрик Диггорилі ойнады. Ал 2022 жылы режиссер Мэтт Ривз түсірген «Бэтмен» фильмінде басты кейіпкерді сомдады. Биыл Паттинсон Ноланның «Одиссея» фильмінде де көрінді.
Оқи отырыңыз: