Студент өлімінен кейін ҚазҰУ-дың проректоры мен деканы қызметінен кетті

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
фото: farabi.university

Студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ басшылығы бірқатар кадрлық шешім қабылдады. Жоғары оқу орнының проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.

Университеттің ресми мәлімдемесіне сәйкес, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған.

Сондай-ақ оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

«Студентіміздің қазасы – университет қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қайғы. Марқұмның ата-анасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Университет отбасымен тұрақты байланыста және барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын», – делінген мәлімдемеде.

Қайғылы оқиғадан кейін университеттің барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтілген. Сондай-ақ студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәсіби психологиялық көмек көрсету бойынша қосымша шаралар енгізілген.

Университет басшылығы оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайтынын, тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және істің объективті әрі ашық жүргізілуіне мүдделі екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар университет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу құпиясына жататын мәліметтерді жариялай алмайтынын, алайда жаңа деректер туралы қоғам мен марқұмның жақындарына жедел ақпарат беретінін жеткізді.

Айта кетейік, бұл – соңғы он күнде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тіркелген екінші студент өлімі. География және табиғатты пайдалану факультеті студентінің қазасына қатысты күдікті ұсталды. Бұған дейін, 6 қараша күні кешке ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз