Жастардың банк аударымдарына биометриялық тексеру енгізу ұсынысы қолдау таппады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Банковские переводы останутся без дополнительных сборов в Казахстане
Фото: kursiv.media архиві

14–22 жастағы жастардың 50 мың теңгеден асатын аударымдарын биометрия арқылы растау ұсынысына Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі күмән келтірді. Қос ведомство мұндай талап дропперлікпен күресуге кепілдік бермейді әрі адал клиенттерге қосымша шектеу туғызуы мүмкін деп санайды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Құжатта Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ұстанымы келтірілген. Екі орган аударымдарды тек клиенттің жасына және операция сомасына қарай міндетті түрде растау дропперлікті азайтуға кепілдік бермейтінін атап өткен.

«Керісінше, адал клиенттерге қосымша шектеулер туғызады», – делінген жауапта.

Осыған байланысты қаржы ұйымдары күдікті операцияларды анықтауда тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдануды жалғастырады. Яғни бақылау кезінде тек аударым сомасы мен клиенттің жасы емес, ақша қозғалысының сипаты, кіріс көздері және банк шоттарын үшінші тұлғалардың пайдалану белгілері де ескеріледі.

Мәселен, күдікті операциялардың қатарына жеке тұлғалар арасындағы жүйелі аударымдар, абоненттік нөмірлерді ірі сомаларға тұрақты толықтыру және клиенттің әдеттегі қаржылық белсенділігіне сәйкес келмейтін операциялар жатқызылған.

Бас прокуратураның мәліметінше, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жастар арасында дропперліктің қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп келеді.

Еске салсақ, осыған дейін депутат Дидарбек Ділдәбек дропперлік жастар арасындағы тағы бір өзекті мәселеге айналғанын айтқан болатын. Жеңіл табыс табу үшін жастар банк картасын алаяқтар қолына бергенін байқамай қалады. Осы мәселені шешу үшін депутаттар мобильді аударым кезінде биометриялық растау енгізуді ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз