27 жыл бойы жасырынып келген қылмыскер Ресейде ұсталды

Павлодар облысының полицейлері жыл басынан бері іздеуде жүрген 73 қылмыскерді қолға түсірді. Олардың арасында 1999 жылы Павлодар қаласында қарақшылық шабуыл жасап, 27 жыл бойы Мәскеуде жасырынып жүрген күдікті де бар.
ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың 10 айында бас-аяғы 82 қылмыскер іздеуде болған. Оның ішінде 62 қылмыскерге полицияның аумақтық бөлімшелері биыл іздеу жариялаған.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген 73 қылмыскер анықталды. Олардың біреуі адам өлтірген, үшеуі қарақшылық шабуыл жасаған, тағы үшеуі тонау жасағаны үшін іздеуде болған.
Павлодарлық полицейлер шет мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан 31 күдіктіні облыс аумағынан тапқан. Сондай-ақ шетелде бой тасалап жүрген 7 қазақстандықтың ізіне түскен.
Атап айтқанда, Павлодар облысы криминалдық полиция басқармасының жедел-іздестіру тобы Ресей ІІМ жедел қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар жүргізу барысында Мәскеу қаласында іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады. Ол 1999 жылдан бері Павлодар қаласында жасалған қарақшылық шабуыл үшін полициядан бой тасалап, іздеуде жүрген.
Бұған дейін Қарағанды облысында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 43 жастағы ер адам ұсталды. Ол 5 жыл бойы халықаралық іздеуде болған.