Әлеуметтік желіге тіркелген баланың жасын платформа өзі анықтай алады – министр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда балалардың әлеуметтік желідегі жасын тексеру міндеті платформалардың өзіне жүктелуі мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, бұл үшін компаниялар ЖСН немесе басқа да жеке деректерді жинамайды. Жасанды интеллект пен контентті талдау сияқты технологиялар қолданылады.

Министр журналистердің балалардың жасын тексеру және бұл ретте жеке деректерді қорғауға қатысты қауіп туындамай ма деген сұраққа жауап берді.

«Меніңше, ешқандай қауіп болмайды. Жеке деректерді қорғау – басты қағидаттардың бірі. Егер біреу баланың жасын растау үшін ЖСН немесе басқа да деректер беріледі деп ойласа, ондай жағдай, әрине, болмайды», – деп сендірді министр.

Ол басқа елдердегі тәжірибелерді мысалға келтірді.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай жауапкершілік, яғни пайдаланушының жасын растау міндеті платформалардың өзіне жүктеледі. Бүгінде ірі компаниялардың аккаунт иесінің кім екенін қысқа уақыт ішінде анықтауға мүмкіндік беретін қомақты ресурстары мен технологиялық шешімдері бар екенін жақсы білесіздер. Бұл үшін контентке талдау жасалып, жасын растаудың басқа да тәсілдері қолданылады, жасанды интеллект те іске қосылады. Сондықтан платформалар үшін пайдаланушының жасын анықтау қиындық тудырмайды деп ойлаймын», – деді Қырықбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу жоспарланып отыр. Алайда Құрылтай депутаты Илья Теренченко ата-аналардың қатысуынсыз бұл тыйым толық жұмыс істемейтінін атап өтті. Осыған байланысты депутат балаларға арналған арнайы SIM-карталарды тегін механизм ретінде енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз