Балқашта жасөспірім апалы-сіңлілерді жыныстық қанау ісі тексерілуде

Балқаш қаласында кәмелетке толмаған екі апалы-сіңліге қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен алты адам ұсталды, деп хабарлайды Qumash.kz. Полицияға жәбірленуші қыздардың әкесі арызданған.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің өкілі Бақытжан Құдияровтың мәліметінше, 16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қыздарына қатысты заңсыз әрекеттер бойынша арыз түсірген.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері алты күдіктінің жеке басын анықтап, оларды ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Оқиғалар әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде болған. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», — делінген ведомство хабарламасында.
Тергеу мүддесіне байланысты (ҚР ҚПК 201-бабы) өзге ақпарат жарияланбады.
Басылым редакциясына хабарласқан қыздардың нағашы ағасы жиендерінің 13 және 15 жаста екенін айтты. Оның сөзінше, 2026 жылдың жазында жасөспірімдерді ұрып-соғып, ішімдікке түрлі препараттар қосып берген, жалдамалы пәтерлерге апарып, жыныстық сипаттағы қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Жақындарына айтпауы үшін интимдік фото-видеоларды таратамыз деп қорқытқан.
Қыздардың әкесінің айтуынша, маусым айында қыздары көшеде өздерінен үлкен қызбен танысқан. Ол жасөспірімдерді дәмханаға шақырып, сыйлықтар беріп, кейін таныстарымен араластырған. Бір кездесуден соң үйге жеткізіп салуды ұсынған таныстары жолда қыздарға зорлық көрсетіп, мұны видеоға түсіріп алған. Кейін сол жазбамен бопсалап, өзге ер адамдармен кездесуге мәжбүрлеген. Әкесі бұл іске Telegram-арна арқылы клиент тартылғанын және істе 20-ға жуық адамның қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады.
Айта кетейік, осыған дейін Қостанай облысында мектеп дәретханасында оқушыны зорлау фактісі бойынша тексеру басталған.