Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартты

Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартты. Қазақстандық спортшы қарсыласын 15 минут күтіп, техникалық жеңіске жетті.
Карлсен ойынға неге келмеді?
Магнус Карлсен мен Бибісара Асаубаева турнирде 17-20-орындар үшін таласып жатыр. Өзара кездесудің алғашқы күнінде норвегиялық шахматшы блицтен үш, рапидтен екі партияда жеңіске жетіп, тағы бір кездесуді тең аяқтады. Нәтижесінде есеп 11,5:0,5 болды.
Алда жеңімпазға сегіз ұпай берілетін жылдам классика форматындағы партия қалған еді. Асаубаева жеңіске жеткен күннің өзінде қарсыласын басып оза алмайтындықтан, Карлсен ойнаудың мәні жоқ деп шешкен.
Қазақстандық шахматшы қарсыласын 15 минут бойы күтті. Ақырында төрешілер Асаубаеваға техникалық жеңіс беріп, алғашқы ойын күні 11,5:8,5 есебімен аяқталды.
Карлсен өз шешімін Норвегияның TV 2 телеарнасына берген сұхбатында түсіндірді.
«Егер матч аяқталса, демек, ол аяқталды. Одан кейін қосымша партиялар өткізілсе, олар рейтингке әсер етпеуі керек. Бұрын әрдайым солай болған. Ал мұнда басқаша жасағысы келсе… Бұл – менің шешімім», – деді шахматтан бұрынғы әлем чемпионы.
Норвегиялық гроссмейстердің әрекеті шахмат қауымдастығының сынына ұшырады. Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) бас директорының кеңесшісі Эмиль Сутовский оның әрекетін спорттық этикаға жат деп бағалады.
Карлсен рейтингін сақтап қалғысы келді ме?
Турнирдің топтық кезеңінде Карлсен жылдам классика форматындағы он партияның бірінде де жеңіске жете алмаған. Тоғыз кездесуді тең аяқтап, біреуінде армениялық шахматшы Айк Мартиросяннан жеңілген.
Осы нәтижелерден кейін норвегиялық гроссмейстердің рейтингі 2801,2 ұпайға дейін төмендеді. Асаубаевамен кездесуде тіпті тең нәтиже тіркелген күннің өзінде оның рейтингі соңғы 17 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет 2800 ұпайдан төмен түсуі мүмкін еді.
Алайда партия өтпегендіктен, техникалық жеңіліс Карлсеннің рейтингіне әсер еткен жоқ. Турнир ұйымдастырушылары жарыс ережесінде ойынға келмегені үшін қосымша жаза қарастырылмағанын мәлімдеді.
18 қарашада Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен арасындағы кездесудің екінші ойын күні өтеді. Оның қорытындысы бойынша шахматшылардың қайсысы 17-орын, қайсысы 19-орын үшін таласатыны анықталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Магнус Карлсен қазақстандық шахматшы Алуа Нұрманның үстінен шағымданған еді.