Өкініштен өкіріп жылайсың: түрмеде босанған әйелдің оқиғасы

Елде қылмыс жасаған әйелдер жазасын баласымен бірге отырып өтей алатын мекеме Алматы облысында орналасқан. Бұл жер көпшілікке «Жауғашты» түрмесі ретінде белгілі. Дәл сол колонияда жазасын өтеп шыққан 24 жастағы Сәуле (аты өзгертілген) басынан өткен оқиғаны баяндап берді. Жас келіншек бір кездері өзін ұрлап кетіп, ұрып-соққан жігіттің ағасына тұрмысқа шыққан. Қазір үш баланың анасы. Бір баласын түрмеде босанған.
Әдемі әрі қымбат киім
Сәуленің оқиғасы 2019 жылы басталған. Сол жылы Оралда тұрмысы тәуір отбасында өскен қыз Көкшетауға грантқа оқуға түсіп, жарты жылдан кейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысады. Ол журналистика факультетінің баспа ісі мамандығын таңдаған.
ҚазҰУ қалашығындағы жатақханаға орналасқан соң Сәуле Шымкенттен келген қызбен танысып, екеуі бірге тұрып, жақын араласа бастайды. Арада бір-екі жыл өткенде әдемі киім, қымбат косметика, соңғы үлгідегі телефон алғысы келген екі қыз ақша табудың заңсыз жолына түседі. Алайда сол кезде өздерін қылмыс жасап жүрміз деп санамаған.
«Ол кезде 20 мың теңге шәкіртақы алатынбыз. Оның 13 мыңын жатақханаға төлейміз. Қалған жеті мың теңге 2019 жылы бір ай өмір сүруге жетпейді. Ақшадан қысылып жүрдік. Ауылдағы ата-анамнан ақша сұрай беруге ұялдым», — дейді Сәуле.
Екі қыз жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, банктердің бөліп төлеуге беретін қаражатын қолма қол ақшаға айналдыра бастаған. Бір жағдайда ақшаны иесіне толық қайтармайды, енді бірде бұрынғы қарызды жаңа қарызбен жабады. Осылайша, Сәуле оқудан шығып қалады, ал мойнындағы қарызы 25 млн теңгеге жеткен.
«Ақшаға қатысты қылмыс жасадым. Студент болып, көп адамды алдап, «әне береміз, міне береміз» деп жүрдік. Қылмысымыз 2021 жылы ашылды. Сол жылдың қазан-қарашасында мен алдап кеткен адамдар байланысқа шығып, қайта-қайта хабарласып жүрді. Қорқытты. Үркітті. Бетпе-бет сөйлесуге шақырды. Айналасы 45 адамды алдаппыз, дені Шымкенттен еді. Ішінде отбасымен бірге алданып қалған бір ер адам болды. Әйелі, қызы, қарындасы — бәрі біздің шотқа ақша салып, қаражатын ала алмаған. Отбасының шығыны 15 млн теңге», — дейді Сәуле.
Бойжеткен сотталып кетпеудің амалын іздеп, ақшаны біртіндеп қайтаруға уәде береді. Үстінен арыз жазбауын сұрау үшін алданып қалған адамдармен кездесуге шешім қабылдайды.
«Құрбым екеумізге алданып қалғандар Шымкенттен Алматыға келді. Алты ер кісі еді. Олар «ақшаны қайтарамын» деген қолхат жазып бер деген соң Шымкентке баруға көндім. Сонда арыз жазбаймыз деп уәде етті. Болып жатқан жайттың ешқайсысын ата-анама айтпадым», — дейді Сәуле.
Шымкентте ұрып-соққан
Алайда бәрі Сәуле ойлағандай болмады. Шымкентке барған соң алты жігіт Сәулені бес тәулік бойы бір үйде ұстап, 15 млн теңгені қайтаруды талап еткен. Бойжеткеннің айтуынша, үйдің ішінде олар қызды ұрып-соққан. Қысымнан құтылу үшін қыз шындықты да, өтірікті де айтып, түрлі амалға барған. Қыздың ақшаны қайтаруға мүмкіндігі жоқ екенін түсінген жігіттер Оралдағы ата-анасы тұратын үйді сатуды талап етеді. Сәуле бұған келісуге мәжбүр болғанымен, ата-анасы қызының басына түскен жағдайдан әлі де хабарсыз еді.
Сәуленің айтуынша, кейін бәрі екі көлікпен Шымкенттен Оралға қарай жолға шыққан. Ақтөбеге жеткенде көліктің бірі бұзылып, базарға тоқтайды. Осы сәтті пайдаланған бойжеткен қашып шығып, полицияға хабар береді.
Ол арыз жазғаннан кейін алты жігіт адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру және өзінше билік ету күдігімен қамауға алынады.
«Алты жігітке қатысты тергеу жүріп жатқан кезде менің үстімнен де арыздар түсіп жатты. Алаяқтық ісі бойынша жәбірленушінің басым бөлігі Шымкентке болғандықтан, бізді де сол жаққа жеткізді. Осылай бір істе күдікті, екіншісінде жәбірленуші болдым. Уақытша ұстау изоляторында өзімді ұрлап кеткен жігіттермен қатар отырдық. Екі күннен кейін мені үйқамаққа жіберді. Изолятордан шығып бара жатқанда мені ұрлап кеткен алты жігіттің біреуі «үйімдегілерге хабар берші» деп, бір нөмірді ұстатты, – дейді Сәуле.

Бойжеткеннің өміріндегі үлкен өзгеріс осыдан кейін басталған. Пәтер тауып, орналасқан соң ол қамауда отырған жігіт берген нөмірге хабарласып, жағдайды айтады. Сөйтіп, екі-үш күннен кейін сол ер адам Сәулеге өзі қоңырау шалып, қамауда отырған бауырына кешірім беруін өтінеді.
«Екі күннен кейін ағасы жалдап тұрып жатқан пәтеріме келіп, оқиғаның мән-жайын сұрады. Менің де істі болып жатқанымды білді. Мен кешірім берсем, олар да арызын қайтып алады деп келістік. Адвокат жалдап беремін деп уәде етті. Айтқан сөзінде тұрып, көмек көрсетті. Пәтер тауып, ақысын төлеп те берді. Сол жігітке сенім арттым, артынша көңіл жарастырып, іс сотқа кеткенге дейін некемізді қидырдық. Яғни, інісі қамауда отырғанда екеуміз кездесіп жүрдік», – дейді әйел.
Іс сотқа жолданғанға дейін Сәуле жүкті болып қалады.
Сот процестері
2022 жылдың тамызында алты жігітке қатысты сот басталды. Сәуле ол істе жәбірленуші. Жалпы алғанда Сәулені ұрлап кеткен алты жігіт 8 ай бойы уақытша ұстау изоляторында отырған.
Араға бірнеше ай салып өзіне және құрбысына қатысты іс те сотқа берілген. Ол істе 45 жәбірленуші бар. Бұл сот процесі 2 жылға созылған. Көптеген адамның атына жасалған ақша аударымдары, куәлерді сотқа шақыру секілді процестер уақыт алған.
«Алты жігітке кешірім бердім, екі жақтың татуласуына байланысты бәрі бостандыққа шықты. Өзіме қатысты сот жалғасып жатты. Күйеуімнің інісі бостандыққа шыққан соң некемізді қиғанымызды, жүкті екенімді хабарладық. Бәрі қарсы болған соң пәтер жалдап тұрдық. Уақыт өтіп жатты. Қызым дүниеге келердің алдында заңды некеге тұрдық», – дейді Сәуле.
Екі жылға созылған сот аяқталып, үкім шығар кезде Сәуле екінші балаға жүкті болған. Ол уақытта күйеуінің ата-анасы да ерлі-зайыптыны қабылдаған.
«Қолымдағы қызым 7 айлық, ішімдегі балам 10 апталық кезде 4 жылға бас бостандығымнан айырылып, сот залынан қамауға алындым. Бұл 2024 жылдың ақпаны еді. Кішкентай қызым үйде қалды», – дейді ол.

Ал қыздың құрбысы қылмыстық істе қылмыста ұйымдастырушы емес, іске қатысушы деп танылған. Сот үкімі шыққанға дейін екінші қыз тергеу изоляторында отырып, өзі келтірген шығынның бәрін өтеген. Ол сот залынан бостандыққа шыққан.
Түрме ішіндегі өмір
Құрсағында он апталық сәбиі бар Сәуле Алматы облысындағы «Жауғашты» колониясына жіберілді. Ал күйеуінің інісі бостандықта жүрген. Алайда екінші қылмыстық істегі прокурор бостандықта жүрген қайын інісі мен күйеуінің фамилиясы бір екенін байқап, кейіннен үкімге кассациялық шағым түсіреді.

«Заңда туыстың кешірім бергені ескерілмейді екен, осылайша бастапқы үкімнің күші жойылып, алты жігіт 7,5 жылға қамалды. Бір уақытта бір үйден екі адам сотталып кеттік», – дейді келіншек.
Сәуле баласын түзеу мекемесінде босанған. Сәби бір жарым жасқа дейін анасының жанында мекемеде өскен. Қайын інісі жазасының үштен бірін өтеп, Сәуледен бұрын бостандыққа шыққан.
«Баламен отырғанда үмітің үзілмейді. Балаңа қарап, бір күні шығатыныңа сенесің. Баланы колонияда өсіру өте қиын. Түрмеде бірге отыруға болатынын білгенде, түрме ішінде балалар қалашығы барын көргенде шок болдым. Қалашыққа кіргенде көп бала ойнап жүрді.
Одан бөлек жаңа туған шақалақ ауырады, жылайды. Ауруханаға көтеріп апарған кезде қолыңды кісендеп қояды. Бір жағынан балаң ауырып, мазасызданып тұрса, екінші жағынан кісен қысады. Сондайда жасаған әрекетіңе өкініп, өкіріп жылап аласың», – дейді келіншек.
Сәуле баласы бір жарымға толғанда қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде 2025 жылдың желтоқсаны бостандыққа шыққан.
Отбасымен қауышу
Сәуле қазір Шымкентте ата-енесі, күйеуі және үш баласы, қайын інісімен бірге бір шаңырақта тұрады. Бірнеше ай бұрын үшінші сәбиін босанған.
«Кезінде жылаған оқиғаларды кейде еске алып, күліп аламыз. Тағдырдың жазғаны осы шығар… Ол кездерде бір-бірімізді қанша жек көрсек те қазір бәрі өткеннің еншісінде қалды», – дейді келіншек.
24 жастағы Сәуле басынан өткен оқиғасын баяндау арқылы жастарды жеңіл ақшаға қызықпауға, өз қателігінен сабақ алуға шақырғысы келеді. Сондай-ақ ол өміріндегі оқиғалар бойынша кино түсірілсе екен деп армандайды. Тіпті бірнеше маманға сценарийін жібергенімен, әзірге ешқайсысынан жауап алмаған.
Айта кетейік, Алматы облысындағы «Жауғашты» колониясында сотталған әйелдер жазасын 3 жасқа толмаған баласымен бірге отырып өтей алады.