Қазақстан мен Мальдив аралдары арасындағы әуе рейстері екі есе көбейеді

Мальдив аралдары қазақстандықтар арасында танымал демалыс бағыттарының бірі. Енді екі ел арасындағы әуе рейстері екі есе артады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Монреаль қаласында (Канада) өткен ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Мальдив Республикасы Азаматтық авиация басқармасының төрағасы Абдул Харис мырза кездескен.
Кездесу барысында екі ел арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, әуе қатынасы мен туристік байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша әр тараптың тағайындалған әуе тасымалдаушылары үшін рұқсат етілген тұрақты рейстер санын аптасына 7-ден 14-ке дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу соңында тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін растады.
Оқи отырыңыз: Air Astana Алматы мен Астанадан Шарм-эль-Шейхке тұрақты рейстер ашады