Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова өмірден өтті

Қазақстанның Халық ақыны Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден озды. Қаралы хабарды 18 қарашада Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Instagram парақшасында жариялап, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты.
Аймақ басшысы ақынның қазақ айтыс өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін және жас таланттарды тәрбиелеудегі еңбегін ерекше атап өтті. Әсия Беркенова ұзақ жылдар бойы Қостанай облысының намысын аламан айтыстарда қорғап, «Халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болған, сондай-ақ, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде елдің қоғамдық өміріне белсене араласқан.
Өмірбаяны мен шығармашылық жолы:
- 1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Сұлукөл ауылында дүниеге келген.
- 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, 1997 жылға дейін мектептерде ұстаздық етті. 2001 жылдан бастап Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Өнер» студенттік шығармашылық студиясына жетекшілік етіп, жас ақындарға тәлім берді.
- Сахнаға 40 жылдан астам ғұмырын арнаған ақынға кең танымалдылық 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай өткен республикалық айтыстағы жеңісінен кейін келді.
Әсия Беркенова Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Ресейде өткен халықаралық додаларда талай мәрте топ жарып, кейінгі жылдары ірі жыр сайыстарында қазылар алқасының мүшесі болды.