Тоқаевтың АҚШ-қа сапарына дайындық барысы талқыланды

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ бойынша арнайы өкілі Ержан Қазыханды қабылдады. Кездесуде президенттің Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындығы талқыланды, деп хабарлайды Ақорда.
Ержан Қазыхан мемлекет басшысына АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен G20 саммитіне қатысу үшін Майамиге жоспарланған алдағы сапарға дайындық барысын баяндады.
Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, G20 көшбасшыларының 21-ші саммиті биыл 14–15 желтоқсанда АҚШ-та өтеді. Қазақстан G20 ұйымына мүше болмағанымен, Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке Дональд Трамптың арнайы шақыруымен қатысады.