Алматы облысындағы Үлкен ауылында әуежай салынуы мүмкін

Елдегі алғашқы АЭС салынатын Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңында инфрақұрылымды дамыту жоспары дайындалып, әуежай салу көзделіп отыр. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұдан бөлек, Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту, Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру, қонақүй кешенін салуға тиісті жер учаскелері қарастырылып жатыр.
Жамбыл ауданы – агроөнеркәсіп саласы жанданған аймақтардың бірі. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақсеңгір ауылында жылына 120 мың тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 200 млрд теңге. Кешен 3000-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды.
Ал Үңгіртас ауылдық округінде 400 басқа арналған сүт фермасы іске қосылды. Мұнда тәулігіне төрт-бес тонна сүт өндіріліп, ірі компанияларға жөнелтіледі.
Одан бөлек Ақсеңгір ауылында да сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Шағын және орта бизнес саласында биыл 8 өндіріс іске қосылып, 263 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы жылы 544,5 млн теңгеге 36 жоба қаржыландырылды.
Мәдениет, білім беру және спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Қарғалы ауылында 350 орынды, Шиен ауылында 150 адамға арналған Мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Ал Үлкен ауылында тәулігіне 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ Ұзынағаш ауылында өнер мектебінің ғимараты, ал Тарғапта 70 орынды спорт кешені салынып жатыр.
Бүгінде аудан бойынша 7 мың 582 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 4 мыңы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жатады. Соңғы екі жылда 692 тұрғын үй сатып алынып, оның 319-ы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Үлкен ауылында 33 мыңға дейін тұрғыны бар атомшылар қалашығын салу жоспарланып отыр. Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Үлкен Балқаш жағалауындағы ең озық елдімекендердің біріне айналатынын айтқан еді.