Алматыда жедел жәрдем қызметіне смарт-бейнежетондар табысталды

Бүгін Алматыда медициналық бригадаларға 468 смарт-бейнежетонды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Жаңа құрылғылар шақырту кезінде орын алған жағдайды бейнетаспаға түсіруге, қауіп төнген жағдайда дабыл сигналын жіберуге және медицина қызметкерлерінің құқықтарын қосымша қорғауға мүмкіндік береді.
Жалпы саны 468 бейнежетонның 378-і Жедел медициналық жәрдем қызметінің көшпелі бригадасына, ал қалған 90-ы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді бригадасына берілді.
«Бұл – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды жоба. Смарт-бейнежетондар шақырту кезінде орын алған жағдайды бейнетаспаға түсіруге, қауіп төнген жағдайда дабыл сигналын жіберуге және бейнежазбаны сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Оның айтуынша, бұл даулы жағдайды объективті түрде қарастыруға және медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Тек 2026 жылдың өзінде жедел жәрдем қызметкерлеріне 11 рет шабуыл жасалғаны тіркеліп отыр.
Айта кететін жайт, Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жаңа бұйрық жобасында медицина қызметкерлерін ынталандыру, емханаларды қаржыландыру тәртібін қайта қарау және жұмыс сапасына қарай үстемеақы беру көзделген еді.