Артық төлемге жол жоқ: электр көлікті қуаттау стансалары жаппай тексеріледі

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда электр көліктерді қуаттайтын стансаларының өлшем дәлдігіне қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Негізгі мақсат – жүргізушілердің нақты тұтынылған электр энергиясына ғана ақы төлеуін қамтамасыз ету.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл ережелер қуаттау кезіндегі есеп айырысуды ашық етіп, тұтынушылардың құқығын қорғайды және жүргізушілердің зарядтау инфрақұрылымына сенімін арттырады.

Ресми дерек бойынша, елде 40 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Электр қозғалтқышы бар көліктер мен гибридтерге сұраныс тұрақты өсіп келеді. Соған сәйкес зарядтау стансаларының желісі де кеңейіп, олардың көрсеткіштерінің дәлдігі айрықша мәнге ие болып отыр.

Осы бағытта ҚазСтандарт екі ұлттық стандарт әзірлеген: айнымалы ток стансалары үшін ҚР СТ 2.761-2026 және тұрақты ток стансалары үшін ҚР СТ 2.762-2026. Екі стандарт та 2026 жылғы 1 маусымнан бері қолданып келеді.

Құрылғыларды тексеру стансаның орнатылған жерінде жүргізіледі. Мамандар арнайы эталондық жабдықтың көмегімен стансаның берілген электр энергиясын қаншалықты дәл есептейтінін және көрсеткіштердің белгіленген талаптарға сай келетін-келмейтінін анықтайды.

Жаңа талаптар зарядтау стансаларының операторлары, бизнес өкілдері және мүдделі ұйымдармен алдын ала талқыланған. Ал 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін орнатылған стансаларға қатысты ҚазСтандарт жабдық ерекшеліктерін ескере отырып, қолданыстағы тексеру әдістемелерін қолдану мүмкіндігін бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазақстандықтар соңғы уақытта көліктің жаңа түрлеріне көбірек қызыға бастады, таңдау да өзгеріп жатыр. 2026 жылдың қаңтар-тамызында елде қуатталатын гибридтер (PHEV) мен жүріс қоры ұлғайтылған электромобильдердің (EREV) сатылымы төрт есе көп өскен.  

Сондай-ақ оқыңыз