Бектенов елдегі ең терең оқпаны бар шахтаның қауіпсіздігін тексерді 

Жарияланды
Бектенов «Болашақ» шахтасын тексерді/ үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы «Болашақ» шахтасына барып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен жұмысшылардың еңбегін қорғау шараларын тексерді. Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығына өндірістік тәуекелдердің алдын алу және жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Болашақ» шахтасы «Қазхром» трансұлттық компаниясыныңдөң тау-кен байыту комбинатына қарайды. Кәсіпорын 2024 жылғы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылған.

Жобаға шамамен 1 трлн теңге инвестиция салынған. Шахта жылына 7 млн тоннадан астам кен өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 1,8 мың жұмыс орны ашылған. Оның құрамына Миллионное және Алмаз-Жемчужина кен орындары мен алты жерасты горизонты кіреді. Мұнда ұзындығы бір шақырымнан асатын Қазақстандағы ең терең шахта оқпаны орналасқан.

Кәсіпорын басшылығы премьер-министрге кен өндіру технологиялары мен қауіпсіздік жүйелерін таныстырды. Қазір шахтада өндіріс тиімділігін арттыруға арналған цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, жұмысшылар мен техниканың жерасты орналасқан жерін анықтайтын интеллектуалды жүйе қолданылады. Сондай-ақ қол еңбегін азайтуға мүмкіндік беретін заманауи техника мен жоғары өнімді кен өндіру жүйелері пайдаланылып келеді.

Шахтаны аралау кезінде Олжас Бектенов бұрын анықталған заңбұзушылықтар мен өндірістегі апаттарды ескеріп, қауіпсіздік талаптарының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Ол жабдықтардың техникалық жағдайын тұрақты тексеріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтты.

«Еңбек қауіпсіздігі әрбір кәсіпорынның өндірістік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Оқиғалар орын алғаннан кейін әрекет етуден бұрын тәуекелдердің алдын алудың жүйелі тәсіліне көшіп, бақылаудың цифрлық құралдарын белсенді түрде енгізу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы кәсіпорын басшыларының жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қатысты дербес жауапкершілігін де атап өтті.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығына еліміздегі 20 шахта мен кеніштен позициялау және бейнемониторинг жүйелерінің деректері тәулік бойы түсіп тұрады. Олардың қатарында «Қазхром», «Қазақмыс», «Шалқия Цинк LTD» және «Қарағанды көмір» кәсіпорындарының нысандары бар.

Бұл жүйелер жұмысшылар мен техниканың орналасқан жерін нақты уақыт режимінде бақылауға, шахта ауасындағы қауіпті өзгерістерді анықтауға және төтенше жағдай кезінде жедел хабар беруге мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: «Қазхром» шахтасында бір айда екінші жұмысшы қаза тапты

Сондай-ақ оқыңыз