Круиздік лайнерде 148 адам белгісіз дертке шалдықты

Кариб теңізімен саяхаттап жүрген Caribbean Princess круиздік лайнерінде 148 адамнан асқазан-ішек ауруының белгілері анықталды. Бұл туралы АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығына (CDC) сілтеме жасап The New York Post басылымы хабарлады. Әзірге жаппай сырқаттанудың нақты себебі белгісіз.
17 қарашадағы деректерге сәйкес, борттағы 2936 жолаушының 134-і және 1132 экипаж мүшесінің 14-і өздерін жайсыз сезінген. Науқастардың барлығында құсу мен диарея белгілері байқалған.
Лайнер 11 қарашада АҚШ-тың Флорида штатындағы Форт-Лодердейл портынан 12 күндік саяхатқа шыққан. Кеме Колумбия мен Панама каналы арқылы өтетін бағытта жүзіп барады. Сапар басталғаннан кейін төрт күн өткен соң кеме операторы Princess Cruises инфекцияның өршуі туралы санитарлық қызметке хабарлаған.
Қазіргі уақытта ауырған жолаушылар мен қызметкерлер оқшауланып, кемеде дезинфекциялау жұмыстары күшейтілді. Зертханалық сараптама жүргізу үшін сынамалар алынды, алайда оның нәтижелері әлі жарияланған жоқ.
Princess Cruises компаниясы аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын мәлімдеді. Лайнер кестеге сай бағытын жалғастырып, 23 қарашада Флоридаға оралуы тиіс. Айта кетейік, бұл – 2026 жылы аталған компанияның кемелерінде тіркелген төртінші жаппай асқазан-ішек инфекциясы.