Легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салғалы 8 млрд теңге үнемделді

Қазақстанда кәсіби спортты қаржыландыру тәртібі өзгеріп, легионерлерге бюджеттен ақша бөлу тоқтатылды. Нәтижесінде 2026 жылы осы мақсатқа жұмсалатын шығындар бюджеттен алынып, спорт саласындағы реформалардың экономикалық тиімділігі 8 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ-де өткен брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, кәсіби клубтарды қаржыландыруға бірыңғай шектер белгіленген. Ал үнемделген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортын, бұқаралық спортты, ұлттық құрамаларды даярлауды және спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталып жатыр.
«Легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды», – деп атап өтті министр.
Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушыларға төленетін ең төменгі ай сайынғы төлем мөлшері өңірге қарамастан бірдей белгіленді.
Атап айтқанда, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жеңіске жеткен спортшыларға кемінде 250 АЕК (1 081 250 теңге), ал олардың жаттықтырушыларына 125 АЕК (540 625 теңге) төленеді. Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары үшін бұл сома тиісінше 60 АЕК (259 500 теңге) және 30 АЕК (129 750 теңге) болып белгіленген.
Параспортшыларға қосымша қолдау көрсетіледі
Заңда бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшылардың көмекшісі мәртебесі де алғаш рет бекітілді. Бұл шараны жүзеге асыру үшін 2025–2027 жылдары 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Министрдің сөзінше, көмекшілерді қолдау тетігінің маңызы қысқы Паралимпиада және Азия Пара ойындарындағы қазақстандық спортшылардың нәтижелерінен де байқалған.