Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан екінші рет бас тартты

Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бір емес, екінші рет бас тартып отыр.
Турнирдің 17–20-орындары үшін таласқан шахматшылар екі күнде жоспарланған 14 партияның 12-сін өткізді. Алайда екі ойын күнінде де Карлсен жылдам классика форматындағы соңғы партияға шықпады.
17 қарашада өткен алғашқы кездесу 11,5:8,5 есебімен норвегиялық гроссмейстердің пайдасына аяқталды.
Екінші ойын күнінде Карлсен блиц форматындағы төрт партияда жеңіске жетті. Рапид форматындағы екі партияның бірінде басым түсіп, екіншісін тең аяқтады.
Жылдам классика форматындағы соңғы партия алдында Карлсен 10:2 есебімен алда тұрған. Алайда норвегиялық шахматшы жалпы жеңісті қамтамасыз еткендіктен, соңғы партияға шықпады.
Бибісара Асаубаева ақ түсті фигуралармен алғашқы жүрісін жасағаннан кейін оған техникалық жеңіс берілді. Осылайша екінші ойын күні 10:10 есебімен, ал жалпы кездесу 21,5:18,5 есебімен Карлсеннің пайдасына аяқталды.
Карлсен рейтингін жоғалтудан қорқа ма?
Норвегиялық шахматшының мұндай шешім қабылдауына классикалық шахматтағы FIDE рейтингін сақтап қалу ниеті себеп болуы мүмкін.
Турнир барысында Карлсеннің рейтингі 2801,2 ұпайға дейін төмендеген. Қазақстандық шахматшымен партияны тең аяқтаған күннің өзінде оның рейтингі соңғы 17 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет 2800 ұпайдан төмен түсуі ықтимал еді.
Ал техникалық жеңіліс шахматшының рейтингіне әсер етпейді.
Еске салайық, бұған дейін де Бибісара Асаубаева Магнус Карлсенді шахмат тақтасының алдында 15 минут күтіп, техникалық жеңіске ие болған еді. Норвегиялық гроссмейстердің бұл әрекетін халықаралық шахмат қауымдастығы сынға алған болатын.