Майкл Джексонның 100-ден астам жеке заты аукционға қойылды

Америкалық әнші Майкл Джексонның 100-ден астам жеке бұйымы, оның ішінде 1986 жылы алған American Music Awards сыйлығы аукционға шығарылды. Сауда Julien’s Auctions аукционында өтіп жатыр.
Аукцион сайтындағы соңғы мәлімет бойынша, ең қымбат лот әншінің 1983 жылы түсірілген Thriller бейнебаянында киген қызыл былғары күртесі. Қазір оған ұсынылған ең жоғары баға 8,5 миллион долларды құрап отыр.
Ал American Music Awards сыйлығының статуэткасына 30-дан астам өтінім түскен. Соңғы ұсынылған баға – 7 мың доллар. Жалпы саудаға 110 лот қойылған. Олардың арасында әншінің сахналық киімдері, бейнебаяндарда киген киімдері мен түрлі аксессуарлары бар.
Аукцион Julien’s Celebrity & Pop Culture Experience бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Сауда 7–9 желтоқсан аралығында Абу-Дабиде өтеді.
Майкл Джексон 13 мәрте Grammy сыйлығын алған. Сондай-ақ оған 1993 жылы музыка аңызы ретінде құрметті Grammy сыйлығы, ал 2010 жылы қайтыс болғаннан кейін өмірлік жетістіктері үшін марапат берілген.
Әншінің жазбалары әлем бойынша 1 миллиардтан астам данамен сатылған. Forbes журналының дерегінше, Джексон қайтыс болғаннан кейін де шығармашылық мұрасы табыс әкеліп отырған танымал тұлғалар рейтингінде көш бастап келеді.