Министр Михаил Шайдоровтың бапкері ауысқанына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанның Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың бапкері Алексей Урмановпен келісімшарты тоқтатылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді. Оның айтуынша, Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге аяқ басқандықтан, енді өзіне жаңа команда таңдап, жаңа элементтерді меңгеру бағытында жұмыс істей алады.

Министр Алексей Урмановтың Михаил Шайдоровты Олимпиада чемпионы етіп дайындауға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бапкерге атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

«Алексей Урмановтың өзіне зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Ол – Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын дайындауға көмектескен адам. Осы үш жылда Михаилдің командасымен үлкен жұмыс атқарылды», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің сөзінше, федерация Урмановпен байланысты үзбейді. Керісінше, оны жас спортшыларды дайындау жұмысына тартуға ниетті.

Ал Михаил Шайдоров биылдан бастап жаңа дайындық кезеңіне кіріскен. Жыл басынан бері ол 13 оқу-жаттығу жиынына қатысып, төрт-бес жарыста өнер көрсеткен.

«Олимпиада чемпионы ретінде Михаил жаңа команда таңдап, онымен жұмыс істеуге және жаңа элементтерді меңгеруге құқылы. Біз оны әрдайым қолдаймыз», – деп атап өтті министр.

Мырзабосыновтың айтуынша, Олимпиада чемпионы мәртебесінен кейін жарыстарға қатысу спортшыға психологиялық тұрғыдан оңай емес. Дегенмен министр Шайдоровтың бұл кезеңнен өтетініне сенімді.

Сондай-ақ министр 2029 жылы Алматыда өтетін Азия ойындарына дейін дайындыққа жеткілікті уақыт бар екенін айтты. Урмановпен де байланыс сақталған. Федерация оған Алматы қаласынан пәтер сыйлаған.

Тағы да оқыңыз: Михаил Шайдоров Қытайдағы Гран-при кезеңінде әзірге 5-орында келеді

Сондай-ақ оқыңыз