Нұрсұлтан Жақсыгенге шыққан үкім күшіне енді

Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге шыққан сот үкімі заңды күшіне енді. Ол бұған дейін 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынған. Бұл туралы Жақсыгеннің бұрынғы әйелі – қылмыстық істегі жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның адвокаты хабарлады.
«Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жақсыген Нұрсұлтанға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды аяқтап, түпкілікті шешім қабылдады.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды», – деп хабарлады адвокат.
Қылмыстық-процестік кодексінің 444-бабының 3-бөлігіне сәйкес апелляциялық қаулы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиевамен соттасты. Сабыралиева видео жариялап, біраз уақыт бойы өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтты. Енді осы әрекеті үшін актер бұрынғы әйеліне 5 000 000 теңге төлеуге тиіс.