Қазақстанда шенеуніктер есірткіге тексерілетін болды: жаңа ереже бекітілді

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткі және психотроптық заттарға тексеру тәртібі бекітілді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп әзірлеген бұйрық 29 қарашада күшіне енеді.
Жаңа құжатқа сәйкес, кадр қызметі мен тікелей басшысы қызметкердің жұмыс уақытындағы мінез-құлқын бақылайды. Егер маманнан күмәнді белгі байқалса, ол медициналық тексеруге жіберіледі. Мұндай белгілердің қатарына мінез-құлықтың күрт өзгеруі, жұмысқа жиі кешігу немесе себепсіз қалдыру, ине іздері, сөйлеу мен қимыл-қозғалыстың бұзылуы, мазасыздық және галлюцинация жатады. Дегенмен бұл белгілер есірткі қолданғанының тікелей дәлелі емес, тек сараптамаға жолдама беруге негіз болады.
Тексеру тәртібі нақты регламенттелген:
- Кадр қызметі күдікті белгілерді анықтаған соң, мемлекеттік орган басшысына хабарлайды. Басшы бір жұмыс күні ішінде шешім қабылдауы тиіс.
- Оң шешім шықса, кадр бөлімі 48 сағат ішінде жолдама рәсімдейді.
- Қызметкер жолдаманы алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде (жұмыс уақытында) медициналық тексеруден өтуге міндетті.
Егер сараптама есірткі қолдану дерегін растаса, ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен полицияға жолданып, қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі қаралады. Ал тексеруден бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, бұл факті ресми тіркеліп, қызметкердің жеке ісіне тігіледі.
Айта кетейік, осыған дейін психотроптық заттары бар 28 мыңға жуық дәрінің айналымына шектеу қойылған еді.