ҚазҰУ-да дау болып жатқан тұста Түймебаев Тоқаевтан мақтау естіді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Бүгін Ақордада III Стратегиялық серіктестер форумы өтіп, ашылуына Тоқаев та қатысты. Ол сөзінде қазір дау болып жатқан ҚазҰУ университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевты тілге тиек етіп, қолдау білдірді.

«Қазақстан алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды», – деді ол.

Президент сөзінше, қазір 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.

Оның айтуынша, былтыр Қазақстанда 31 мың шетелдік студент білім алса, қазір олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның 8 мыңнан астамы мемлекет қаржыландыратын грантпен оқиды. 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Еске салайық, Ұлттық университетте кейінгі екі аптада екі студент қайтыс болды. 6 қараша күні кешке ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Бойжеткен Алматыға Шымкенттен оқуға келген.

Он күннен кейін жоғары оқу орнында да тағы қайғылы жағдай тіркелді. 16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. 

Алматы полициясының хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды.

17 қарашада ҚазҰУ-дың проректоры мен деканы қызметінен кеткені белгілі болды. Ал оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Ал министрлік тексеру жүргізетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз: Басынан дау арылмаған университет: ҚазҰУ неге үнсіз

Сондай-ақ оқыңыз