Қытай Қазақстанның ауыл шаруашылығына 20 млн доллар инвестиция салады

Петропавлдағы Kozybayev University базасында Орталық Азиядағы алғашқы Қазақстан-Қытай аграрлық ғылыми орталығы құрылады. Жобаның алғашқы кезеңіне 20 млн доллар (шамамен 9 млрд теңге) инвестиция салу жоспарланып отыр.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асады.
Қытайлық инвесторлар орталық салатын орынды үш жылға жуық таңдаған. Олар Малайзия, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанды да қарастырған. Нәтижесінде ғылыми және білім беру базасы бар Солтүстік Қазақстан облысына тоқтаған.
Орталықта ғылыми зертханалар, жылыжайлар, селекция және тұқым шаруашылығы орталықтары, сондай-ақ өнімді өңдеу және сақтау нысандары салынады. Мұнда ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығару, жасанды интеллект пен су үнемдеу технологияларын енгізу, заманауи техниканы сынау бағытында зерттеулер жүргізіледі.
Жоба аясында аграрлық салаға мамандар даярлау да көзделген. Болашақта тыңайтқыштар мен биопрепараттар өндіру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту жоспарланған.
18–19 қарашада өткен «Хэнань – Солтүстік Қазақстан облысы» бизнес-форумында қытайлық инвестициялық компания мен Kozybayev University бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Форумға Қытайдың Хэнань провинциясынан 20-дан астам аграрлық кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Жоба іске асса, Қазақстан ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды сынап, оларды жергілікті шаруашылықтарға енгізуге мүмкіндік алады.