Тараздағы ескерткіштің қиратылуына байланысты Ресей Қазақстанға нота жолдады

Таразда Ұлы Отан соғысы кезінде жарақаттан қайтыс болған 72 белгісіз Қызыл Армия жауынгерінің құрметіне орнатылған ескерткіш қиратылды. Осыған байланысты Ресейдің Қазақстандағы Бас консулдығы Қазақстанға нота жіберген деп жазады Еxclusive.kz.
Ескерткіш Жамбыл қаласындағы эвакуациялық госпитальдарда емделіп, жарақаттан қайтыс болған жауынгерлер жерленген орынға қойылған. Белгісіз адамдар стеланы түгелге жуық қиратып кеткен. Оқиғаға байланысты Ресейдің Бас консулдығы Қазақстан билігіне ресми түрде жүгінген. Дипломаттар ескерткішті қиратқандарды тауып, жауапқа тартуды талап еткен.
«Біз бұл оқиғаға қатысты жан-жақты әрі мұқият тергеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, жазалауды сұрадық. Мұндай жағдайдың қайталанбауы маңызды. Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігіне ресми нота жолдадық», – делінген Бас консулдық хабарламасында.
Аталған ескерткіш 2026 жылғы 15 қазанда Ресей тарапының қаржысына күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған.