Туризм саласынан ел бюджетіне 303 млрд теңге салық түсті

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: Kursiv.Media архиві

Қазақстанда туризм саласынан түсетін салық көлемі 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер 2026 жылдың алғашқы жартысында ел ішінде 1,4 млрд доллар жұмсаған. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, елімізде туристік қызметке сұраныс артып, саланың экономикаға қосатын үлесі ұлғайып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында орналастыру орындары шамамен 5 млн адамға қызмет көрсеткен. Бұл кезеңде көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 15%-ға өсіп, 173,7 млрд теңгеге жеткен.

«Бүгінде салада 565 мың адам еңбек етеді. Бұл – Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ы. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады», – деді Ербол Мырзабосынов.

Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де артқан. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға 1 трлн 319 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68%-ға көп.

Қазақстан туризмді дамыту индексінде 56-орында

Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде Қазақстан 110 елдің ішінде 56-орынға тұрақтады.

«Рейтинг нәтижелері бізге әлі де қандай мәселелер бойынша жұмыс істеу қажеттігін көрсетті. Олардың қатарында экологиялық тұрақтылық, құрлықтағы инфрақұрылым және туристік сұраныстың тұрақтылығы бар», – деді министр.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда күзде қайда демалуға болады: ТОП-10 көрікті жер



Сондай-ақ оқыңыз