Әрбір тауарға ЖСН сияқты сәйкестендіру нөмірі берілуге тиіс – Бағдат Мусин

«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин Digital Tañba 2026 форумында цифрлық таңбалаудың маңызын атап өтіп, оған бірнеше мысал келтірді.
Бағдат Мусин цифрлық таңбалауды азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірімен (ЖСН) салыстырды. Оның айтуынша, бұл жүйе болашақта салықты автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.
Спикер 2000-жылдардың басында енгізілген ЖСН мен БСН «электронды үкіметтің» іргетасы болғанын еске салды.
Цифрлық таңбалау да дәл осы қағидатқа негізделген: елге сырттан әкелінген немесе отандық өндірістен шыққан кез келген тауар партиясына емес, әрбір тауар бірлігіне жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі.
«Мәселен, микрофонды алайық. Оның сәйкестендіру нөмірі болуы керек. Сол нөмірді сканерлегенде тауардың қайдан, қашан әкелінгенін, қай жерде өндірілгенін және ғимаратқа дейін қалай жеткенін толық көруге болады», — деп түсіндірді Бағдат Мусин.
Салықты автоматтандыру
Оның сөзінше, тауарларды жаппай сәйкестендіру бірінші кезекте Қаржы министрлігі мен салық жүйесінің мінсіз жұмыс істеуі үшін қажет. Егер Қытайдан немесе басқа елден келген тауар шекарада таңбаланса, кейін ол 10 делдал арқылы сатылса да, қай кезеңде кімнің қанша табыс тапқаны анық көрінеді.
Бұл салық жүйесін цифрландырудың жаңа моделіне көшуге жол ашады, мұнда әр қатысушының табысын оңай есептеп, қосылған құн салығы (ҚҚС) мен корпоративтік табыс салығын (КТС) автоматты түрде есептеу және дайын шот ұсыну мүмкіндігі туады.
«Айдың соңында ұялы байланыс операторы сізге дайын шот жібереді, ал сіз соны төлейсіз. Ешкім сізден ай соңында кімге қоңырау шалғаныңызды немесе неше минут сөйлескеніңізді есептеп, толтырып беруді сұрамайды ғой. Салық жүйесі де дәл осылай жұмыс істеуі керек», — деді ол.
Айта кетейік, Астанада Digital Tañba 2026 форумы өтіп жатыр. Алаңда бизнес және халықаралық операторлар цифрлық таңбалау, трансшекаралық сауда, денсаулықты қорғау және сатып алушылардың сенімі мәселелерін талқылауда.
Бұған дейін Сауда министрлігі Қазақстанға цифрлық таңбалау не үшін қажет екенін түсіндірген еді.