Алматыда 12 тегін мұз айдыны ашылады: мекенжайлар тізімі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Алматыда қыста тегін коньки тебуге болатын 12 орын ашылады / Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда 2026-2027 жылғы қысқы маусымда ашық аспан астында 19 мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Оның 12-сі тегін болады. Мұз айдындары қаланың барлық сегіз ауданында орналасады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, мұз айдындарының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Олардың бір бөлігі саябақтарда, ірі спорт кешендерінің, сауда орталықтарының маңында және тұрғын алаптарда ашылады.

Биыл бес тегін мұз айдыны алғаш рет жаңа орындарда жұмыс істейді. Олар Flow Park аумағында, Алматы ипподромында, Шұғыла шағынауданындағы №221 мектепте, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта және «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде орналасады.

Мұз айдындары қайда ашылады

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдік ұсынған тізім бойынша мұз айдындары мына орындарда жұмыс істейді:

  • Алатау ауданы: «Алматы Арена»;
  • Алмалы ауданы: ҚБТУ аумағы;
  • Әуезов ауданы: Family Park;
  • Бостандық ауданы: Бірінші Президент қорының саябағы, Flow Park, «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені, Esentai Mall, Villa Boutiques & Restaurants және MEGA Alma-Ata;
  • Жетісу ауданы: Алматы ипподромы және Көкжиек шағынауданындағы Kokjiek Garden;
  • Медеу ауданы: «Терренкур» саябағы, «Халық Арена», 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақ, Dostyk Plaza, Haragun ат спорты клубы және Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
  • Наурызбай ауданы: Шұғыла шағынауданындағы №221 мектеп;
  • Түрксіб ауданы: Сәкен Сейфуллин атындағы саябақ.
Фото: Алматы әкімдігі

Тегін мұз айдындарының жұмыс кестесі

Мұз айдындарын желтоқсан айында ашу жоспарланған. Нақты күні ауа райына байланысты белгіленеді.

Фото: Алматы әкімдігі

«Мұз айдындары демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Фото: Алматы әкімдігі

Тегін алаңдарда жаппай сырғанауға арналған төрт сеанс қарастырылған:

  • 10:00–12:30;
  • 13:30–16:00;
  • 17:00–19:30;
  • 20:30–23:00.

Сеанстар арасындағы үзілісте мұз айдыны келесі сырғанауға әзірленеді. Тегін мұз айдындарына келушілер өз конькилерін алып келе алады немесе оларды ақылы түрде жалға алады. Жалға алу құнын қызмет көрсететін ұйымдар белгілейді.

Тағы да оқыңыз: Abu Dhabi Plaza маңында 1,4 шақырымдық мұз саябағы ашылады

Сондай-ақ оқыңыз