
Apple компаниясы iPhone смартфондарының жаңа буынын әдеттегіден өзгеше кестемен шығаруды жоспарлап отыр. Алдымен қымбат модельдер таныстырылса, стандартты iPhone 18, қолжетімді iPhone 18e және жұқа iPhone Air 2 нұсқалары 2027 жылдың көктемінде сатылымға шығуы мүмкін.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл құрылғылардың жаппай өндірісі 2027 жылдың қаңтарынан ерте басталмайды. Ал наурыз айында таныстырылым өтуі мүмкін деген болжам бар. Дегенмен Apple компаниясы әзірге жаңа смартфондардың шығу мерзімін ресми растаған жоқ.
Неліктен Apple таныстырылымды екі кезеңге бөлмек
Сала мамандарының бағалауынша, стандартты iPhone мен Air нұсқалары бүкіл iPhone топтамасы сатылымының 30%-дан астамын қамтамасыз етеді. Оның ішінде қарапайым iPhone моделі жұқа Air нұсқасына қарағанда көбірек сұранысқа ие.
Жаңа кесте Apple компаниясына алдымен бағасы жоғары смартфондарға назар аударып, кейін қалған модельдерді жеке таныстыруға мүмкіндік береді. Осылайша компания жаңа құрылғыларға деген қызығушылықты бірнеше ай бойы сақтап қалуды көздеуі мүмкін.
Тағы да оқыңыз: Камера экран астында жасырылған: iPhone 20 Pro қандай болуы мүмкін